«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

MEREKELIK QUTTYQTAÝ

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – көтеріңкі көңіл күймен атап өтілетін еліміздегі ең жарқын мейрамдардың бірі.

Көктем мерекесі ықылым заманнан сақтаушысы ана болып табылатын өмірімізді гүлдендіретін ең жарқын бастауды бейнелейді. Бұл күні біз аналарымызға, жан-жарларымызға, қыздарымызға, апа-қарындастарымыз бен әріптестерімізге жүрек түкпірінен шыққан шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Көптеген солтүстікқазақстандық арулар саясатта, экономикада, әлеуметтік салада өздерінің лайықты орындарын алған. Ең жауапты учаскелерде еңбек ететін олар жоғары кәсіптік біліктіліктерін көрсетуде, өздерінің табандылығымен және таланттарымен өңіріміз бен еліміздің дамуына сүбелі үлес қосуда.
Өңірімізде әйелдер ұйымдастырған және олар басқаратын кәсіпорындар саны жылдан-жылға көбейе түсуде.
Мемлекет әйелдердің отбасында, мансаптық өсуде, шығармашылықта және басқа салаларда мүмкіндіктерін толық пайдаланулары үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Елімізде отбасын әлеуметтік қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қайта қаралды. Жаңа жылдан бастап жәрдемақы табысқа қарамай тағайындалатын болды.
Денсаулық сақтау жүйесі жетілдірілуде. Соның нәтижесінде 2019 жылы өңірімізде аналардың қайтыс болуына жол берілген жоқ. Сәбилердің шетінеуі 17 есе төмендеді.
Мереке күні әйелдер қауымына өңірімізді дамыту жолында атқарған және жасап жатқан еңбектері, мақтан тұтар жетістіктері, туған жерге адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді.
Баршаңызға бақыт, мерекелік көңіл күй, бейбітшілік, ізгілік пен амандық-саулық тілеймін!


Құмар АҚСАҚАЛОВ,
Солтүстік Қазақстан
облысының әкімі.

Ардақты аналар, қыз-келіншектер! Қадірлі жерлестер!
Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің белгісі сияқты.
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын жан ғана емес, ол мемлекеттік істерге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі болып табылады. Сондықтан біздің елімізде әйелдердің әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Әйел-ана – өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Олай болса, көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін!
Ел үшін еткен елеулі қызметтеріңіздің қызығына бөленіп, қуанышына кенеле беріңіздер! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!

Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp