Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен Оқушылар сарайында өткен “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысы “Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам” деген тақырыпта өрбіді. Жиынға партия мүшелері, мемлекеттік қызметшілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
– “Nur Otan” партиясы Елбасының басшылығымен аз уақыттың ішінде еліміздегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға атсалысатын күшке айналды. Біздің басты міндетіміз – өмір сапасы мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, өңіріміздің экономикалық әлеуетін нығайту, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, – дей келе Асқар Сақыпкереев өңіріміз үшін ең негізгі басымдық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екенін атап өтті.
Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 94 миллиард теңгені құрады. Соңғы үш жылда агроөнеркәсіп саласына 200 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған. Минералды тыңайтқыштарды сіңіруде біздің өңір республикада алдыңғы қатарда. Машина-трактор паркі жаңартылып, жоғары сапалы заманауи техникалар сатып алынуда. Жыл басынан бері 23 миллиард теңгеге бір мыңнан астам техника сатып алынғанын атап өткен жөн.
Саяси кеңес отырысына төрағалық еткен өңір басшысы Құмар Ақсақалов Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістігі, құнды шешімдер мен заңдардың қабылдануы “Nur Otan” партиясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– Кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясының жұмысын жаңғырту жөнінде сөз қозғап, партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысына тоқталды. Сондықтан біз партиялық құрамға алда тұрған ауқымды міндеттерді жеткізуіміз қажет. Партияның жұмысын жаңғырту – жергілікті жерде әлеуметтік маңызға ие қоғамдық-саяси мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – дей келе Құмар Ақсақалов Қазақстанның Тұңғыш Президенті “Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – “Nur Otan” партиясының 7 серпіні” атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынуда партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және лайықты емес мүшелерді партиядан шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше толық пайдалануды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырғанын айтты. Отырыста өңір басшысы халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізіп, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аудару қажет екенін айтып, кейбір бастауыш партия ұйымдарының жұмысын сынға алды.
– Өткен жарты жылдың қорытындысы бойынша партиямен байланысы үзілген, жарғылық шарттарды орындамаған мың жарым адам партия қатарынан шығарылды. Партиялық ұйымдарға бұл жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Сонымен қатар түрлі салаларда бастауыш партия ұйымдарының мүшелері тең дәрежеде емес екенін аңғарамыз. Партия мүшелерінің басым көпшілігі бюджеттік мекемелердегі бастауыш партия ұйымдарының құрамында. Өңірде 500 және одан да көп адам еңбек ететін ірі кәсіпорындар бар. Алайда, бұл кәсіпорындарда партия мүшелерінің саны көңіл көншітпейді, – дей келе Құмар Ақсақалов Киров атындағы зауытта 600-ден астам адам жұмыс істесе, тек соның 42-сі партия мүшесі екенін атап өтті. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауытында мың жарым адам еңбек етсе, тек алтауы ғана партия мүшелігіне өткен.
Жергілікті мәслихат депутаттарының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген өңір басшысы тұрғындардың мәселелерін шешуде олар белсенділік танытпайтынына қынжылыс білдірді. Мәселен, 2018 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 13 депутат сайлаушылармен бірнеше мәрте ғана кездескен. Оның өзінде кездесулер аудан орталығында ғана өткен.
– Егер тұрғындармен сөйлеспесеңіздер, жағдайды қайдан білесіздер? Депутаттар дұрыс жұмыс істеп, кез келген мәселенің шешілуіне атсалысуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан қолдауға ие боласыздар, – деді Құмар Ақсақалов.
Өткен жартыжылдықта бірқатар мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, облыстық тәртіптік кеңесте он екі іс қаралған. Ал партиялық бақылау қорытындысы бойынша бес мемлекеттік қызметші ғана партия қатарынан шығарылған.
Кеңесте “Ардагерлерді ардақтайық”, “Бақытты отбасы”, “Кедергісіз келешек”, “Жастар – Отанға” атты әлеуметтік жобалар мен “Рухани жаңғыру”, “Туған жер” бағдарламаларын жүзеге асыруға басымдық берілетіні айтылды. Алтынбек Сапаров, Геннадий Зенченко, Иван Фисенко, Анатолий Рафальский, Біржан Шәймерденов сияқты азаматтардың ілкімді істері туған жерге жанашырлықтан туғанын тілге тиек еткен жөн. Сондықтан туған жердің дамуы үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі отырыста ескерусіз қалған жоқ.
Жиында “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов “Nur Otan” партиясы саяси кеңесі отырысында айтылған міндеттерді орындау мәслихат депутаты ретінде өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Жиын соңында Юрий Белоног облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі болып сайланды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.