
Облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде қасиетті Қызылжар өлкесінде туып, еліміздің басқа өңірлерінде жемісті қызмет етіп жүрген, әдебиет өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар жерлестеріміздің шығармалары жарияланып тұрады. Назарларыңызға ұсынып отырған топтама өлеңнің авторы Гүлсара Ысмағұл 1954 жылы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында дүниеге келген. Әр жылдары Алматы қаласындағы “Қазақфильм” киностудиясында, Батыс Қазақстан облыстық “Орал өңірі” газетінде, М.Өтемісов атындағы университетте қызмет еткен ол бүгінде Алматыда тұрып жатыр. Гүлсараның туған жерге, өскен ортаға арнап жазған жырлары көңілге жылы сезім ұялатады.
Туған жерім Жарғайыңым
Құшағың ыстық, туған жерім Жарғайың,
Атыңды сан қайталаудан танбайын.
Сағынғанда қанат бітіп ғайыптан,
Саған қарай ұшқан құстай самғайын.
Кір келтіріп елім сенің атыңа,
Ешқашанда жаныңа дақ салмайын.
Табанымда табы қалды,
Оттай ыстық құмыңның.
Таңдайымда дәмі қалды,
Балдай тәтті суыңның.
Желбірей берсін желегі,
Айбарлы асқақ туыңның.
Құт мекенсің бойыңа кие дарыған,
Кезің қайда ен байлыққа жарыған.
Маңдайыңнан бақыт күліп тұратын,
Емен-жарқын келбетіңді сағынам.
Ажарың нұрлы Әз анадан аумаған,
Шуағың асыл жүректерді жаулаған.
Ержеткізіп есейттің сан ұрпақты,
Сенің мақпал көгалыңа аунаған.
Жүдетсе де жүзіңді уақыт сұсты,
Демейді жұрт басыңнан бағың ұшты.
Жұдырықтай жұмылып ұл-қыздарың,
Жаңғыртуға жұмсайды барлық күшті.
Қызылжарым
Туған жер берік қорған арқа сүйер,
Тағзым етіп перзенті шын басын иер.
Тағдыры туған жердің түссе сынға,
Кеудеңді намыс буып, жаның күйер.
Құт-мекенім, аяулы Қызылжарым,
Баға жетпес бойдағы асыл тұмарым.
Ортаймайды махаббатым өзіңе,
Саған деген басылмайды құмарым.
Туған жерім, аяулы алтын бесігім,
Сенде аштым нұр дүниенің есігін.
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең,
Сақталады санамда мәңгі есімің.
Сенің даңқың шар тарапқа кетеді,
Сенсің бізге мәңгі бақыт мекені.
Асар әлі абыройың өзгеден,
Соған көзім менің анық жетеді.
Тарихың бай қойнына сыр жасырған,
Перзентің көп даңқыңды сенің асырған.
Тұлғаң биік, тұғырың болсын жоғары,
Ғұмырың ассын сансыз мынау ғасырдан.
Сарқылмас қазына
Уақыт, сен сарқылмас қазынасың,
Тағдыр боп маңдайларға жазыласың.
Ұлы заң бар сені де бұлтартпайтын,
Мәңгіліктің ырқына бағынасың.
Ұшқан құстай артыңнан жеткізбейсің,
Айтқаныңды ешкімге екі еткізбейсің.
Тынымсыз үнемі алға ұмтыласың,
Әлде сен дамылдайтын шекті іздейсің.
Кей ғұмырды кейде сен кілт үзесің,
Басын идіріп, бүктіріп қос тізесін.
Кейбіреудің айдарынан жел естіріп,
Еселеп кеп бересің сансыз үлесін.
Әйтеуір біз өзіңнен аса алмаймыз,
Өзіңсіз алға қадам баса алмаймыз.
Тоқтатасың жетті деп сенің сағатың,
Үкіміңнен жалтарып қаша алмаймыз.
Ондайда шын сағаты жетті дейді,
Келмеске оралмастан кетті дейді.
Шыбын жан жалғанмен бақұлдасып,
Ақыреттің тұлпарын жекті дейді.
Тұрсың уақыт ұстап күшпен бүгін,
Тек жұмақта жүрмейді үстемдігің.
Мәңгілікке сен тұсау бола алмайсың,
Өткен мен бүгіннің ашып жігін.
Жұмақта жоқ уақыттың еш есебі,
Нұрлы рухтар нұрлы ғұмыр кешеді.
Таңы мәңгі атып тұрар жұмақтың,
Күні мәңгі батпайтұғын деседі.
Бір дос болар
Бір дос болар бейне ауа сынды,
Тарылғанда кеңітер тынысыңды.
Бетке айтып ісіңнің жаман тұсын,
Ерекше мақтан тұтар дұрысыңды.
Бір дос болар дертіңе ем болатын,
Шипа берер дәріге тең болатын.
Ықыласы саған деген ұшан-теңіз,
Басыңа бөрік, қолыңа жең болатын.
Бір дос болар досқа әзер саналатын,
Қадалған жерінен сөзсіз қан алатын.
Достықтан ілезде-ақ айнып кетіп,
Жамандыққа тартынбай бара алатын.
Бір дос болар іздесең табылмайтын,
Өзінің есебінен еш жаңылмайтын.
Беруге жоқ, алуға дайын тұрар,
Көмейінің қақпасы бір жабылмайтын.
Бір дос болар сынаптай сырғанаған,
Құр уәдеден аузы құрғамаған.
Тиянақсыз мінезбен титықтатар,
Кезі болмас уақытыңды ұрламаған.
Шынайы дос бола алу – бұл ұлы сын,
Әз жүректің тыңдап нәзік тынысын.
Аяққа басар адал достық сезімді,
Жер бетінен ондай жандар құрысын.
Келер сәби арқалап несібесін
Өзегіңде өмір өнген жас ана,
Шаранаға сен қиянат жасама.
Біле-білсең ол қылығың пара-пар,
Болашаққа оқ атқанмен тасадан.
Болашаққа қолын созған бүлдіршін,
Ғұлама ма күні ертең кім білсін?
Сәбилердің балдай тәтті уілі,
Мұңға батқан дүниені күлдірсін.
Келер сәби арқалап несібесін,
Ел де бүгін жаңғырды жиып есін.
Ен даланы бөгделер билемей ме,
Қазақ жұрты еселеп бермесе өсім.
Қылышыңды құрсағыңа кеземе,
Бұлқынады сәби жүрек сезе ме?
Ойды сұмдық алып таста жүректен,
Нағыз ана перзентінен безе ме?!
Киелі ана құрсағы – ол өмірдің бесігі,
Мына жарық дүниеге айқара ашар есігі.
Құрсағыңда көктей солса пәк сәби,
Жаратқаннан болмас ешбір кешірім.
Қайран жұртым
Боздаған боз інгендей, қайран жұртым,
Дей алмаймын бүгінде бүтін сыртың.
Өзекке түскен жегідей мешкейлер бар,
Қазынаға қол сұғып, бұзған шырқын.
Сан ортайды ел қазынасы қолды болып,
Табылмас ұрланған дүние орны толып.
Боқ дүниені домалатқан пасық жандар,
Жатыр ғой елдің қанын теспей сорып.
Елді жегені емес пе өзін жегені,
Суға батырып көпке ортақ кемені.
Фәни жалғанда жүрмекші масайрап,
О, дүниеде сөзсіз тозаққа енеді.
Түбі жегені желкесінен шығады,
Кірер тесік таппай сөзсіз бұғады.
Қарымтасын шөбересі тартады,
Адал тірліктің мәнін сонда ұғады.
Гүлсара ЫСМАҒҰЛ.