Есімі өңірімізге белгілі ұстаз, Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылының тұрғыны, Қасым Нұрғали – газетіміздің тұрақты авторларының бірі. Оның туған жер, тарих, тіл тақырыбындағы өлеңдері әдебиетсүйер қауымның көңілінен шығуда. Жырлары көпшіліктің оң бағасына ие жерлесіміз шәкірт тәрбиесіне де зор үлес қосып жүр. Ақындық жолға ден қойған жастардың қанатын қатайтып, өнердегі жолын ашуда. Оқырмандар назарына Қасым Нұрғалидың бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Тәуелсіздік — бабалардың ерлігі
Тәуелсіздік – арманы еді халқымның,
Арайланып шықты күткен алтын күн.
Айы болып азаттықтың туды ол,
Таңы болып атты дәстүр-салтымның.
Тәуелсіздік – таңдауы еді жұртымның,
Тілеуі еді, тірегі еді ұлтымның.
Талай ғасыр сағым болып жеткізбей,
Бодандықтың бұғауында бұлқындың.
Тәуелсіздік – шапағат ол ел күткен.
Сағынышпен, үзілмеген үмітпен.
Сол бір күнге зарықтырып қол жетті,
Бұдан артық бақыт барын біліп пе ең?!
Бағалай біл, о, Алашым, сен мұны,
Жатыр онда ел тарихы, ел мұңы.
Жатыр онда қасірет пен қуаныш,
Бабалардың өрлігі мен ерлігі.
Көп іздеді қалың жұртым теңдігін,
Қайыр болмай туған жердің кеңдігі.
Тізерлемей тік тұрып-ақ мерт болған,
Тәуелсіздік – бабалардың ерлігі.
Талай заман үміт оты жанбады,
Жалмауыздар алдады да, арбады.
Құрбан болған ертеңі үшін халқының,
Тәуелсіздік – ағалардың арманы.
Аға ұрпақтың тиер болса әсері,
Саналы жас анық ер боп өсері.
Ызғарында желтоқсанның лаулаған,
Тәуелсіздік – алау жастар кешегі.
Шуақ төгіп тұрсын әр кез жарық күн,
Осы сәтті тостың, жұртым, зарықтың.
Тәуелсіздік – тулап өткен өмірің,
Тәуелсіздік – тани білсең тарихың.
Құтты болсын, ұлы күнің – мерекең!
Арта берсін мәртебең мен берекең!
Мың өлсе де, мың тірілген алысып,
Қазақ мынау – мәңгі жасар ел екен!
Көкпар
Уақыт мені көкпардай ала қашып,
Қырқадан алпыс деген барады асып.
Қол жаулық болмаймын деп оңай саған,
Келемін мен де көнбей жағаласып.
Қарқыны ағын судай сұрапыл тым,
Келеміз бағаламай уақыт құнын.
Наразы көрінгенмен пешенеме,
Біршама мен де өзімше бақыттымын.
Жүйткіген желдей белес-белеңменен,
Бұл көңіл қиқу шықса елеңдеген.
Додаға тәуекел деп түсіп қоям,
Жаратып көк дөненді Өлең деген.
Білмеймін бұл жарыста әйгілі кім?
Алады бағы жанып бәйгені кім?
Шаң қауып қалмайын деп қамшылаймын,
Шабыттың мініп арда сәйгүлігін.
Зулай бер сен де, уақыт, қалжырама,
Өткен күннен белгі іздеп қан жылама.
Мен-дағы шаттанайын көкпаршыдай,
Байланып көксерке жыр қанжығама.
Құлагердің құдығы тұр жапанда
Бар көңілде қуаныш та, қапам да,
Бір іс-шара арналуда Ақанға.
Атқа мінген серіден сәл қиғаштау
Құлагердің құдығы тұр жапанда.
Тас мүсінді қызықтауда бар адам,
Күреңбай жоқ Құлагерді сынаған.
Күйсандықтан жоқтап қимас тұлпарын,
Ақан даусы естіледі жылаған.
Жүрек қалай тебіренбей шыдасын?
Кермек шық кеп көздерімді шыласын.
Құлазып тұр Құлагердің құдығы,
Күтіп көптен су ішпеген Құласын.
Жиналған жұрт келіп жатыр көрем деп,
“Суы кермек, бірақ өзі терең” деп.
Құлагерін іздейтіндей құдық та,
Кісінеген дыбыс шықса елеңдеп.
Жанардан жас төгілуге аз қалып,
Жанымда бір жырдың шоғы мазданып.
Ақан мінген тас Құлагер мүсіні
Кеткендей болды тұғырынан қозғалып.
Қой мінез болып барамыз
Десек те, қанша дарамыз,
Бос мақтан көп-ау, қараңыз.
Көк бөрі мінез жұрт едік,
Қой мінез болып барамыз.
Қандай кең туған даламыз,
Далаға сирек барамыз.
Даланың сырын ұға алмай,
Үйкүшік болды баламыз.
Көбейді жалған “дарамыз”,
Тағынан ауып данамыз.
Тектілік, мәрттік азайып,
Тарылды неге санамыз?
Сөз алса алдап “дарамыз”,
Сүттей боп ұйып нанамыз.
Сәбидей кейін алданған,
Аң-таң боп қайран қаламыз.
Ісінде болмай мән-маңыз,
Пысықтар шықты бәрі – “абыз”
Бағыттан барар адасып,
Ұраншыл болып барамыз.
Жарылып іштен жарамыз,
Арылып дерттен санамыз.
Аталы сөзін айтатын,
Абайды қайдан табамыз?!
Сезім сарайын кезу
Іздеумен жүрмін сезімнің сұлу мекенін,
Сағымды кешіп, сай кезіп кейде кетемін.
Жеткізбей қойды армандай нұрлы бір елес,
Десем де енді кешікпей қуып жетемін.
Таба алмай қойдым сезімнің жұмбақ мекенін,
Білемін өмір іздеумен соны өтерін.
Білемін бір күн сүрініп кетсем табалап,
Жұдырық-тағдыр аямай мені төперін.
Қолға кеп қонбас қиялды қуып не етемін?
Қырқаға шыққан кезімде аңсау не теңім?
Уақыттың мынау ызғарлы, ыстық лебінен
Бозарып кетті, кезеріп кепті бет, ерін.
Анық-ау, сірә, өмірден аңсап өтерім?
Арайлы таңға армандап қана жетерім.
Тірліктің күйкі қосынан мынау безініп,
Кей шақта сезім сарайын кезіп кетемін.
Қызғыш құс
Қызғыш құс көрдім,
Қызғыш құс көрдім көк жақта,
Қиялай ұшты жақын кеп.
Есіме түсті сол шақта,
“Елім” деп өткен Махамбет.
Мазалап лашын, қарақұс,
Тағы да зәбір қылғандай.
Батырды таппай бұл қызғыш,
Мұң шағып маған тұрғандай.
Ызғарлы желден көл өксіп,
Көз жасын төкті мұңды аспан.
Жүрегі шерлі бұл құспен
Махамбет бір кез сырласқан.
Қолымнан келер көмек жоқ,
Сол үшін қатты ұялам.
Шыр-пыр боп жүрсің, мазаң жоқ,
Еріксіз безіп ұядан.
Зарландың неге сен, құсым?
Өрт бар ма кезген даламды?
Неліктен ғана, қызғышым,
Іздедің батыр бабамды?
Қиналдым мен де сен үшін,
Өшкендей алау арманым.
Махамбет бабам ел үшін
Өлген деп айта алмадым.