Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің өңірден 91 мың адам қатысты. Олардың 45364-і мерт болды. Солтүстікқазақстандық жауынгерлер Мәскеу, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі шайқастарда ерлік көрсетті.
* * *
Біздің ондаған мың жерлесіміз жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған. Олардың 52-сі Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді, 11-і “Даңқ” орденінің толық иегері атанды.
* * *
Солтүстікқазақстандықтардан жасақталған аты аңызға айналған 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлік есебінде басқыншылардан азат етілген жиырмадан астам қала мен мыңнан аса елді мекен бар. Дивизия Ленинград құрсауын бұзуға да қатысқан.
* * *
Майданға аттанғандардың орнын әйелдер, жасөспірімдер басты. Буыны қатпаған баладан, еңкейген кәріге дейін елдегі барлық ауыртпалықты көтерді. Жұмыс күші жетпегендіктен, соғыстың алғашқы жылында Петропавл ет комбинатына жұмысқа үш жүзден астам қыз-келіншек келді. Олар майданға азық-түлік өнімдерін дайындау үшін күндіз-түні еңбек етті.
* * *
1941 жылдың аяғында Мәскеу түбіндегі көптеген зауыттар мен фабрикалар құрал-жабдықтарымен, еңбек ұжымдарымен облыс орталығына көшіріле бастады. Облыс орталығы жыл бойы 20 зауыт, фабрика және басқа да кәсіпорындардың құрал-жабдықтарын қабылдап, орналастырды. Солардың ішінде бес кәсіпорын одақтық маңызға ие болды. Отыз мыңдай адам кәсіпорындардың жұмыстарын жедел жандандыруға жұмылды.
* * *
Петропавл темір жол бөлімшесі Сібір, Қиыр Шығыс, Орталық Қазақстанның шалғай аймақтарынан жиналған жүктерді майдан шебіне тасымалдауда, сондай-ақ, батыстан кәсіпорындарды көшіруде ерекше стратегиялық маңызы бар тораптардың біріне айналды. Деподағы жұмысшылардың бастамасымен “Североказахстанец” бронепойызы, пойыз-монша, бірнеше жылжымалы асханалар жасалып, майданға жіберілді.
* * *
Соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы көп қиындықты басынан кешті. Осы кезде ауылдағыларға қалалықтар қол ұшын беріп, көмек көрсетті. Қала кәсіпорындары ауыл шаруашылығындағы жарамсыз техникаларды жөндеуге жәрдемдесті. Осылай жұмыла еңбек етудің нәтижесінде облыс төрт жылға созылған соғыс уақытында майданға төрт жүз мың тоннадан астам астық, басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізіп тұрды.
* * *
Майданға жіберілетін танк колоннасына 40327 мың рубль, 20 килограмм күміс, 380 грамм алтын өткізілді. Жауынгерлерге арнап 88 вагонға тиелген сыйлықтар жіберілді. Сексен мыңға жуық әртүрлі киім дайындалды. Майдангерлердің әйелдері “Боевые подруги” ұшағын жасауға қырық мың рубль жинап берді.