«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

PISA ТАПСЫРМАЛАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ

“Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік” дегендей, білім сапасын көтеру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Шәкірттің кеше берген тапсырманы жаттап алып, бүгін тақылдатып айтып беріп, ертең ұмытып қалуына жол бермес үшін ұстаздар оқытудың неше түрлі тәсілдерін меңгерулері тиіс.

Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын арттыру мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері PISA халықаралық бағдарламасына баса назар аударуда. Ондағы тапсырмаларды орындауға оқушыларды даярлау үшін белсенді оқыту стратегиялары бойынша мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі жоғары болуы және аталмыш бағдарламаның мақсатын, мазмұнын, құрылысын, зерттеу тапсырмасының түрлерін, жеке тұлғаға бағытталған белсенді оқыту тәсілдерін өзі біліп, оны тәжірибеде қолдана алуы маңызды. Ұстаз “Ақылды үкі”, “Ойлан-жұптас-бөліс”, “Веер”, “Иірім”, “Ажурная пила”, т.б. оқыту стратегияларының ерекшеліктерімен жете танысып, оларды сабақта қалай қолдануға болатындығын зерттеуі қажет. Халықаралық PISA деңгейіндегі тапсырмалардың еліміздегі білім мазмұнын тексеретін Ұлттық бірыңғай тестілеу мен оқу жетістіктерін сырттай бағалау өзгешелігін анықтап, назарды оқушылардың мұқият оқуына, ұсынылған тапсырманы шығармашылық жолмен шешуіне аударған жөн.

Жаңалықты қабылдаумен шектелмей, оны іс-тәжірибеде пайдалана білу – кез келген мұғалімнің міндеті. Бұл ретте Петропавл қаласындағы №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Г. Хамзина ақын Жұбан Молдағалиевтің “Мен – қазақпын!” атты поэмасы бойынша өткізген ашық сабағында PISA тапсырмаларын тәжірибе жүзінде қалай қолдануға болатынын көрсетті. Мен ұстаздың сабағынан өз жұмысымда қолдануға болатын, оқу сапасын арттыруға оң нәтиже беретін тұстарын алдым. Өз сабақтарымда оқушыларымның оқу сауаттылығын арттыру үшін белсенді оқу стратегияларын тиімді қолданып, PISA талаптарына сәйкес тапсырмалар үлгісін құрастыруды мақсат еттім. Бүгінде оқу үдерісінде осы жағдайларды дұрыс әрі сауатты ұйымдастырып, оқушының өзін-өзі дамытуына, алған теориялық білімдерін өмірмен байланыстырып, оны қолдана білуіне бағытталған жұмыстарды көптеп өткізуге баса мән беріп жүрмін.

Самал ҮМІТБАЕВА,

Орман негізгі мектебінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp