Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің жаңа нұсқаларын енгізуде дәстүрлі оқытудың мақсатын, білім берудің жетістігін, қол жеткізген табыстарды бағалау жүйесін түбегейлі өзгертуді міндет етіп отыр. Бүгінгі таңда білім беру саласының алдында оқушыларды ең озық жабдықтарды және ең заманауи өндірісте жұмыс істеу машығын меңгеруге дайындау міндеті тұр. Ол үшін балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына зор көңіл бөлу қажет. Бұл оқушыларымыздың қазіргі заман талабына бейімделуі үшін аса маңызды.
Қазақстан Республикасында білім беруді мемлекеттік дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы мен 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспарында функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдарлары анықталған. РISA (Programme for International Student Assessment) халықаралық зерттеуі – 15 жасар оқушылардың оқу жетістігін бағалау бағдарламасы. Ол қазіргі қоғамда қай елдің оқушылары мен студенттері толық қалыптасуға қажетті білім мен дағдыны қаншалықты меңгергендігін, білім беру жүйесінің нәтижелілігін анықтайды. Бұл алынған білімнің нәтижесін тексеруге арналған бірегей құрал өз кезегінде қазіргі сапалы білім берудің негізгі өлшемі болып табылады. Халықаралық білім сапасының рейтингісінде еліміздің ұстанымы оқушыларды бағалау ғана емес, білім беру үдерісіне қатысатын барлық қатысушыларды бағалау болып табылады.
PISA халықаралық зерттеуі негізгі үш бағыт бойынша құзыреттілік деңгейін анықтайды. Біріншіден, оқушы оқу барысында жазбаша мәтінді түсініп оқуы, оның мазмұнын өзінің білімі мен мүмкіндігін дамыту үшін пайдалана білуі қажет. Екіншіден, оқушыға математикалық сауаттылық міндеті қойылады. Әр адамның күнделікті өмірде математиканың рөлін түсінуі, анықтай алатындай мүмкіндігі болуы керек. Көп ақпаратты оқи отырып, оны талдап, қорытынды шығара алуы маңызды. Үшіншіден, жаратылыстану ғылымын сауатты меңгеруі тиіс. Яғни, қоршаған ортаның құбылыстарын ғылыми негізде пайымдап, білімін жаратылыстану ғылымын түсіндіру үшін пайдалана білуі қажет. Зерттеу жұмысы үш жылда бір рет бір бағытты негізге ала отырып жасалады. 2015 жылы оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылық деңгейлері бағаланатын болады.
2014 жылдың шілде айында “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” мен Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп “PISA халықаралық зерттеуі аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту” жөнінде жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған белсенді оқыту стратегиясы бойынша курстар ұйымдастырды. Аталмыш курста “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының төрт оқытушысы да білімдерін жетілдірді.
Үстіміздегі жылдың 4 тамызынан “PISA халықаралық зерттеуі аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту” жөнінде тілдік (қазақ, орыс) және жаратылыстану-математика пәндері бойынша облыс педагогтерін даярлық курстардан өткізу басталды. Курсқа қатысушыларға PISA зерттеуінің мақсаты түсіндіріліп, оқушылардың мектеп бағдарламасын меңгеру деңгейін анықтау, балалардың алған білімдері мен дағдыларын әртүрлі өмірлік жағдайларда қолдана білу мүмкіндігін бағалау жолдары түсіндіріледі.
Даярлық курстары барысында оқу үдерісіндегі оқушы мен мұғалімнің рөлі де қарастырылады. Курсқа қатысушы мұғалімдер тренингтер және тәжірибелік сабақтар барысында жаратылыстану ғылымы және оқу сауаттылығын дамытудың белсенді әдістерінің стратегиясын, коллаборативті оқытуды меңгеріп, PISA халықаралық зерттеуінің талаптарына сәйкес тапсырмаларды әзірлеуді және талдауды үйренеді. Бұл курстар облыс педагогтеріне жаңа оқу жылында сапалы білім беруді тың серпінмен бастауларына жол ашады.
Күлзипа СӘБИЕВА,
химия ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі.