«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

POS-ТЕРМИНАЛДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

Бүгінгі таңда қолма-қол ақшамен емес, яғни төлем картасы арқылы сауда жасау әдісі кеңінен та­ралуда. Өркениетті елдерде бұрыннан POS-терминал қолданылады. Көршілес Ресей қалаларының барлық қызмет көрсету салаларында осындай жаңашылдықтар енгізілген. Ал АҚШ-та мұндай құрал, тіпті, таксиде де орнатылған. Сауда нысандарында тұтынушылар кассирлердің көмегінсіз тауарын сатып ала береді.

Ел Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы қаулысына сәйкес арнайы салық ережесіне сай жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар POS-терминал қолдануға және орнатуға міндеттелген болатын. Дегенмен, осы екі жылда барлық жеке кәсіп иелері кәсіпкерлік нысандарында аталған қондырғыны орнатты деп айта алмаймыз.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары берген деректерге сүйенсек, өңірдегі 6,5 мың сауда нысанының тек 1,5 мыңында тұрғындарға төлем картасымен есеп айырысуға жағдай жа­салған. Белгілі болғандай, өңір тұрғындарының төлем карталарына ай сайын 27 млрд. теңге түседі екен. Алайда, соның 22 млрд. теңгесі, яғни басым бөлігі банкоматтан алынып, қолма-қол жұмсалады. Ал қолма-қол емес төлем небары 16 пайызды құрайды. Бүгіндері Петропавл қаласындағы барлық сауда, қызмет көрсету орындарында POS-терминал орнату жұмыстарына қадағалау күшейтілді. Сала мамандарының айтуынша, мұндай терминалдар, ең алдымен, көлеңкелі экономикаға тосқауыл бола алады. Оның үстіне, қолма-қол төлем жасалмағаннан кейін жалған ақша жасаудың жолы кесіледі. Банкоматқа қаржы салатын инкассаторлардың саны азаяды. Сауда-саттық жеңілдей түседі.

Петропавл қалалық әкімдігі мамандарының айтуынша, алдағы уақытта жанар-жағармай құю бекеттерінде, техникалық қызмет көрсету станцияларында, шағынмаркет, демалыс-көңіл көтеру орындарында 168 POS-терминал орнату жоспарланып отыр. Қалалық әкімдіктің мамандары құрылғылар орнатылатын нысандардың тізімін дайындаған екен. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлер арасында терминалдар орнатудың қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Иә, бүгіндері техника қарыштап дамыған заманда уыстап ақша ұстаудың қажеттілігі жойылған. Қалтаңызда төлем картаңыз болса жеткілікті. Сол арқылы дүкендерде сауда жасап, үйде отырып-ақ ұялы телефонның көмегімен есеп айырыса аласыз. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp