«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

REDAKSIANYŃ HAT QORJYNYNAN

Аяқ-қолы сау  қайыршы

Аяқ-қолы балғадай ер-азаматтардың қайыр сұрағанын көрсем, қаным қайнайды. Күнделікті тіршілігіне қажетті ризығын осылай табатын азаматтардың ар-намысы қайда?!
Қайыршыларды облыс орталығындағы “Алтын Арман”, “Тайга” базарлары мен “Рахмет” сауда үйінің қасынан жиі кезіктіремін. Қайырымдылық жасау – сауапты іс екенін білгендіктен, аяқ-қолынан айырылған мүгедектерге тиын-тебен ұсынудан қашқан емеспін. Алайда, соқталдай жігіттердің қол жайғаны жиіркеніш тудырады. Қалай дегенмен, ақша табудың оңай жолын іздеп үйренген бұл жандардың жұмыс істей қоюы екіталай. Мұндай қайыршыларды мүсіркеудің қажеті жоқ.

Қазір, тіпті, арбаға таңылған жандар да ешкімге жалынбай, маңдай терімен табыс табады. Жақында С.Мұқанов көшесінің бойындағы “Семейный” гипермаркетінің кіреберісінде қолөнер бұйымдарын саудалап отырған мүмкіндігі шектеулі азаматты жолықтырдым. Мән-жайды сұрастыра келе есімінің Евгений екенін білдім. Аяғынан айырылған ол арбаға таңылса да, саудаға қойған заттардың барлығын өзі жасапты. Оның үстелінен мата мен мақтадан тоқылған түрлі ойыншықтарды, оқтау сияқты ағаштан жасалған тұрмысқа қажетті заттарды көріп, шеберлігіне сүйсіндім. Басына күн туғанда өмірден түңіліп, қайыр тілеп кетпей, өзінің адал еңбегімен ақша тапқанына риза болдым. Сөйтіп, азық-түлік турайтын тақтайдың біреуін 500 теңгеге сатып алдым. Аяқ-қолы сау жігіттерді жарылқағанша, Евгений секілді намысы бар азаматтарды қолдағанымыз жөн.

Гүлсім ТҰРСЫН, зейнеткер.
Қызылжар ауданы.

Жүйкені жұқартқан жол

Петропавл қаласындағы Московская көшесінің жолы жауыннан кейін миы шығып езіліп, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда.
Жол мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Жаңбырлы күндері №32 орта мектепте білім алатын оқушылар аттап басудың өзі қиынға соғатын жолмен жүруге мәжбүр. Батпақ жолда бала түгіл, ересектердің өздері аяққа тұра алмай, құлап-сүрініп жатады. Ой-шұңқырға жиналған шалшық сулардан көлікпен өту мүмкін емес. Барлық көрші көшелерге қиыршықтас төселген. Ал біздің көше ұмыт қалған сияқты. Қалалық әкімдік қайда қарап отыр?!

Ләззат ЕРКІНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp