Өңірімізде тұрғындардың өтініш-тілектері мен арыз-шағымдарын “Skype” электрондық байланыс жүйесі арқылы қабылдау жүзеге асырылуда. Ондағы мақсат – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өңіріміздің шалғай орналасқан елді мекендеріндегі тұрғындардың мәселелерін шешуге көмектесу.
Жуырда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев онлайн режімінде 5 адамды қабылдады.
Алғаш хабарласқан Петропавл қаласының тұрғыны Марат Секенов мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары жайында ақыл-кеңес алды.
Ал Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылының тұрғыны Нұргүл Мұсайыпова мен петропавлдық Виктория Погосян “2017 жылы мемлекеттік қызметке орналасуға мораторий жариялана ма?” деген сұрақ қойды. Департамент басшысы үстіміздегі жылы республика бойынша барлық мемлекеттік қызметшілер аттестаттаудан өтетіндігін және бос лауазымдарға арналған жалпы конкурстарды уақытша тоқтату мәселесі қаралып жатқанын, бірақ әлі нақты шешім қабылданбағанын айтты.
Онлайн қабылдауда құқық қорғау қызметіне орналасуға жаңа талаптар бойынша тест тапсыру, жер учаскесін алу үшін құжаттарды ұсыну тәртібіне қатысты сұрақтар да қойылды.
Айта кету керек, мұндай онлайн қабылдаулар тұрақты түрде айдың соңғы бейсенбісінде өтеді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.