«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“SOLTÚSTІK QAZAQSTANNYŃ” WHATSAPP ЖЕЛІСІ

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

 

Редакциямызға WHATSAPP желісі арқылы 1930 жылы дүниеге келген тыл еңбеккері Айтмағанбет Дауылбайұлы хабарласты. Ол соғыс жылдары бұғанасы қатпаса да еңбек еткенін айта келе, қандай көмек көрсетілетінін сұрады.

ТЫЛДАҒЫ ЕҢБЕГІМ ЕСКЕРІЛЕ МЕ?

Күн-түн демей өгіз жегіп, жер жырттық, егін салып, мал бақтық, шөп шабу науқанына да бір адамдай атсалыстық. Күзде арбамен астық тасып, далада қонған кездеріміз де аз болмады. Қыста ұжымшардың ұстаханасында еңбек еттім. Әйтеуір, қолымнан келгенше Жеңіс күнін жақындатуға үлес қостым. Құдай берген күш-қуаттың арқасында бүгінде 90 жастың төріне шықтым. Оған да шүкір. 9 мамыр – Жеңіс күні жақындап қалды. Бұл – мен үшін қастерлі мейрам. Жыл сайын мемлекет тарапынан соғыс ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетіледі. Бұл – құптарлық іс. Бірақ күн-түн демей тылда еңбек еткен біздерге де әлеуметтік көмек көрсетілсе, артық болмас еді. Үстіміздегі жылы облысымызда тыл еңбеккерлеріне қандай көмек қарастырылғанын білгім келеді”, – деді Айыртау ауданының тұрғыны.

Газет оқырманының бұл сауалына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мәулетбаева жауап береді:

– Біздің өңірде Ұлы Отан соғысының 52 ардагері бар. Шамамен, 700-ге жуық адам Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген. Сонымен қатар 27 концлагердің кәмелетке толмаған тұтқыны мен 8 қоршаудағы Ленинград тұрғыны, 6,5 мың тыл еңбеккері бар. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай аталмыш санаттағы адамдарға бірреттік әлеуметтік төлем беру қарастырылған. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден беріледі. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген ардагерлер мен концлагерьдің тұтқындары – 100 мың теңге, қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 60 мың теңге, тыл еңбеккерлері 30 мың теңгеден алады. Бұл мақсатқа бюджеттен 272 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғаларға тіс протездеу, шипажайда ем алу сынды тағы басқа әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp