«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

SOT IS QARADY

Блогер бес жылға сотталды

Петропавл қалалық соты қоғамдық көлік иелерінен ақша бопсалады деген күдікке ілінген блогер Константин Тимичевке қатысты үкім шығарды.
38 жастағы Константин Тимичев Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталған еді. Іс материалдарына сәйкес ол қоғамдық көліктердегі кемшіліктерді бейнежазбаға түсіріп отырған. Оны жарияламау үшін облыс орталығындағы екі ірі автобус паркінің иелері Галина Семенова мен Болат Рахимовтан әр автобустан 200 мың теңге ақша төлеуді талап еткен. Кәсіпкерлер қоқан-лоқы жайлы құқық қорғау органдарына шағымданған. Айыпталушы 2019 жылдың шілде айында 286 мың теңге алып жатқан жерінде қолға түсті. Онымен қоймай, медициналық куәландыру барысында блогер психологиялық денсаулық орталығының қызметкерімен сөз таластырып, тәртіп сақшысына жұдырық ала жүгірген. Сотта оның бұл заң бұзушылығы да айтылды.
Константин Тимичев полиция қызметкеріне қарсылық көрсеткенін мойындады. Бұл әрекетін спирттік ішімдікті асыра пайдаланғанымен түсіндірді. Ал кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны жөніндегі айыптауға қатысты жолаушылар тасымалындағы тәртіпсіздікпен күресіп, жүргізушілерге көмек көрсету қорын ашу туралы ойы болғанын айтып ақталды.
Белгілі болғандай, осыған дейін де істі болып, сегіз жылға түрмеге қамалған Константин Тимичев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Өтелмеген жазасы ескеріліп әрі ақша бопсалап, билік өкілдеріне қарсы күш қолданғаны үшін кінәлі деп танылған блогер бес жылға темір торға тоғытылды.

“Ащы судың” кесірі

Былтырғы қыркүйек айында облыс орталығындағы Заречный кентінде екі адамның мүрдесі табылған еді. Сот-медициналық сараптама нәтижесі олардың адам қолынан қаза тапқанын анықтаған. Мәйіттер арнайы өңдеуден өткеннен кейін криминалистер олардың алақанын суретке түсіріп, “Попилон” деректер базасы арқылы тексерді. Базадағы бірнеше нұсқамен салыстырғаннан кейін олардың тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар екені белгілі болды. Бұл қылмысты ашуға мүмкіндік берді. Жедел-іздестіру шараларының барысында екі адамның өліміне 1984 жылы туған азаматтың қатысы болуы мүмкін деген байлам жасалды. Көрші облысқа қашып кеткен ол көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бұрын сотты болған ол кінәсін мойындады. Белгілі болғандай, спирттік ішімдік ішкендер арасында жанжал туындаған. Қолына түскен темірмен бөтелкелестерін өлтіріп, мәйіттерді жасырған айыпталушы түк болмағандай Петропавл қаласына қыдырып келген. Онысымен қоса, қанға боялған темірдің біреуін металға өткізіп, пайда тапқан.
Соттың үкімі бойынша ол екі адамның өліміне кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp