«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“STREET WORKOUT” ҚОЗҒАЛЫСЫ жастарды ептілікке тәрбиелейді

Петропавлда “Street Workout” қозғалысы біртіндеп қарқын алуда. Бүгінде біраз қала тұрғындары “көше спортымен” шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуда. Осыған орай жаңа спорт бағыты туралы білмек ниетпен “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Шаймерденовпен жүздестік.

– Азамат, бүгіндер жастар арасында “Street Workout” туралы жиі айтылады. Дегенмен, ол туралы білгісі келетіндер де аз емес.

– “Street Workout” спорттық бағытына тоқталар болсам, ол осыдан 10 жыл бұрын алғаш рет АҚШ-та пайда болған еді. Барлық спорт түрлері мен көше экстримінің қуатты да тиімді негізіне айналған ол жақтаушыларын күн сайын табуда. Өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулитын спорттың бұл түрі өзге елдермен қатар Қазақстанда да жоғары қарқынмен дамып келеді.

– Неліктен көптеген спорт түрлерінің ішінен дәл осы бағытқа көңіл бөлдіңіздер?

– Ақылы спорт үйірмелерінің төлемін көпшіліктің қалтасы көтере бермейді, отбасындағы 3-4 баланы түрлі спорттық секцияға беру үлкен салмақ түсіреді.

Сол себепті арнайы залдар мен қосымша жағдайды талап етпейтін спорттың түріне біздің таңдауымыз түсті. Яғни, аталмыш спорт түрі үшін қымбат құрал-жабдық, үлкен фитнес-клуб қажет емес. “Street Workout” бұқаралық спорт түрлерінің бірі болғандықтан, онда қолданылатын белтемірлер мен қырлы бөренелер сынды қарапайым құрылғылар қаламыздың кез келген ауласы мен көшелерінде бар. Ол құралдардың арқасында түрлі жаттығулар жасауға болады.

– Жоғарыда: “Көше спорты дамып келе жатыр” деп атап өттіңіз. Бұл сөзіңіз қаншалықты шындыққа жанасады?

– Ауладағы белтемірде ұршықша үйірілетін жастардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Бір атап өтерлігі, өткен жылы көше жаттығулары Қазақстанда спорт түрі ретінде мойындалып, “Street workout” және “Street lifting” (көше спорты) бойынша жаңа федерация жұмыс істей бастады. Бір қызығы, қазақстандық федерация осы спорт түрі бойынша тіркелген әлемде алғашқы ұйым болып табылады. Бүгінде республика бойынша “көше спортымен” айналысатын жастардың саны 15 мыңнан асып жығылады екен.

– Облыс орталығындағы “Street Workout” қозғалысы туралы тоқталып өтсеңіз?

– Бүгінде қаламызда 200-ден астам жас осы бағытқа қосылған. Алайда, бастапқыда оларға қажетті спорт базасы болмағандықтан, жаңа қозғалыстың мүшелері таңертең және кешкілік уақытта облыс орталығының қоғамдық орындарында, саябақтарда жаттығуларын ұйымдастырып келген. Осыны ескерген “Жас Отан” ЖҚ-ның белсенділерінің бастамасымен мәселенің шешімі табылды. Ақыры үстіміздегі жылдың мамыр айында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің аумағында “Street Workout” спорт алаңы бой көтерді. Жобаның іске асуына “СК Максимум”, “СУ-808”, “Стадия” серіктестіктерінің басшылары демеушілік көмек көрсетті. Ал спорт алаңын жобалау, монтаж және бояу жұмыстарына негізінен жастар тартылды. Олардың басым бөлігі – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері.

– Жастарды аталмыш спорттың қыр-сырына баулитын арнайы бір клуб бар ма?

– Өкінішке қарай, әзірше жеке клубымыз жоқ. Жаттықтырушылар да тапшы. Сол себепті қазір жастар жаттығуларды өздері жасауда. Ғаламтордан жаттығулар жазылған бейнероликтерді қарап, өздерінше үйренуде. Алдағы уақытта осы олқылықтардың шешімін табамыз деп ойлаймын.

– Облыс орталығында “Көше спорты” бойынша қандай іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған?

– Бұған дейін Көкшетау, Шымкент және т.б. қалаларда “Street Workout” қозғалысының жазғы маусымы басталған еді. Ондай үрдіс біздің қалада әлі қолға алынған жоқ. Дегенмен, маусым айының соңына дейін бірнеше жарыс ұйымдастыру жоспарымызда бар.

Сондай-ақ, “Жас Отан” Жастар қанаты өскелең ұрпақ өкілдері арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл аяғына дейін жастар күшімен қаламыздың басқа да шағынаудандарында осындай 4 спорт алаңын тұрғызуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда барлық шағынаудандар бойынша сараптама жасалуда. Яғни, жастардың саны көп аудандар ең бірінші кезекте назарға алынатын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp