Жартылай орта салмақта “M-1 Global” тұжырымының чемпионы Шавкат Рахмонов ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – “UFC”-мен келісімшартқа отырды. Бұл туралы қазақстандық спортшының менеджері Саят Абдрахманов мәлім етті.
“Шавкат Рахмонов UFC-мен келісімшартқа қол қойып, ең үздік “ММА” ұйымымен келісімшартқа отырған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды. Алғашқы жекпе-жек қараша айына жоспарланған. Шавкат UFC-дегі бірінші қазақстандық спортшы, бірақ соңғысы емес екеніне сенімдімін”, – деп жазды Саят Абдрахманов өзінің “Instagram” әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
24 жастағы қазақстандық “ММА” аясында 12 кездесу өткізіп, барлығын да уақытынан бұрын жеңіспен аяқтаған. Тілшілерге берген сұхбаттарының бірінде файтер өзінің ұлты қазақ екенін атап айтқан. “Мен Өзбекстанда ержеттім. Атамның аты Рахман болғаннан кейін тегім Рахмонов болып жазылды. Ал Шавкат – елімізде сирек кездесетін араб есімі. Сондықтан менің ұлтыма қатысты сұрақтар жиі қойылады. Өзбек немесе тәжіктермен шатастырады. Бірақ әкемнің ұлты қазақ, мен де қазақпын”, – деп жауап берген.
Шавкаттан бөлек бұл ұйымда үш кездесуде жеңіске жеткен Ресей өкілі, этникалық қазақ Дамир Исмағұлов пен Қазақстанда туғанымен, Қырғыз елінің атынан өнер көрсететін Рафаэль Физиев бар.