«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ViZaVi”-ДІҢ ТӘТТІ ӨНІМІ

Петропавлдық “ViZaVi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласында өткен “FoodExpo Qazaqstan – 2019” халықаралық көрмесінде үздіктер қатарынан көрінді. 

“Атакент” кешенінде ұйымдастырылған халықаралық көрмеге тамақ өнеркәсібінде бағын сынап жүрген кәсіпорындар қатысты. Бұдан бөлек, әртүрлі сала бойынша тағы бес көрме өткен болатын. Мұнда әлемнің 31 елінен келген 360 компания өз өнімдерін ұсынды. Жерлес кәсіпкер Лейла Сайдашева басқаратын “ViZaVi Company” кәсіпорны көрмеде бірінші орынға ие болды. Мұндай көрмеде жеңіске жету облыс кәсіпорындары үшін үлкен табыс. 

– Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыруға үлес қосу және сыртқы нарыққа елімізде әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын кондитерлік кәсіпорындардың бар екендігін дәлелдеу. Алғашқы күннен бастап тұтынушылар көңілінен шығуды көздеп келеміз. Біз жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз. Қайта өнім түрлерін кеңейтіп, жұртшылықтың талғамынан шығуға тырысамыз. Оған барлық мүмкіндіктеріміз бар, – дейді серіктестік директоры Лейла Равильевна.
Жерлес компания халықаралық көрмеге түрлі кондитерлік өнімдерін апарды. Қызылжарлық серіктестіктің бұл тәтті тағамдарының сапасын Қазақ тағамтану академиясының сарапшылары тексерді. Қазылар алқасы жерлестеріміздің өнімдерін “Кондитерлік өнім” аталымына лайық деп тапты. Халықаралық көрмеде жоғары бағаға ие болған өнімдер – компания технологтарының жаңа тағам түрлері.
Әңгіме барысында нәзік жан кәсіпорындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті. Бүгінде серіктестік нарықта үлкен беделге ие болып отыр. Қазіргі уақытта бұл жерде 80-нен астам өнім түрі шығарылады Сондай-ақ, серіктестік технологтары биылғы жылдың көктемінен бастап жаңа бағытты меңгеруде. Атап айтқанда, “Солнечный апельсин”, “Апельсин в шоколаде” және “Шокохруст” атты кәмпит түрін шығару қолға алынды. Алдағы уақытта тәттінің тағы басқа түрлерін шығару жоспарлануда.
Он бес жылдық тарихы бар кәсіпорын цехтарындағы өндіріс толық автоматтандырылған. Басшылық заманауи құрал-жабдықтар сатып алу, жұмыс барысында тың технологияларды қолдану мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, осыдан 5-6 жыл бұрын жеке кәсіпкер 46 млн. теңгеге 10,8 мың тонна өнім шығаруға қуаты жететін құрал-жабдық сатып алған болатын. Соңғы жылдары олардың қатарын халықаралық стандарттарға жауап беретін “80-LT” миксері және лазерлік кесу кешені толықтырды. Сондай-ақ, әрбір өнімнің құрамын, көлемін, салмағын компьютер көмегімен реттейтін “Sandore” маркалы заманауи аппарат жұмысты одан бетер жеңілдеткен. Ал биыл қамыр илейтін құрылғы сатып алынды. Бұл құрылғылардың арқасында еңбек өнімділігі артқан серіктестік былтыр 1703 тонна өнім шығарса, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 345 тонна тәттіні дүкендерге жөнелткен.
Компания өндіретін тауарлардың басым бөлігін балалар тұтынатындықтан кәсіпкер өндірістің шығынын азайту үшін сапасыз шикізат немесе түрлі қоспаларды пайдалануға жол бермейді. Лейла Равильевнаның айтуынша, кәсіпорын пайдаланатын кондитерлік шикізаттардың 80 пайызы – қазақстандық өнім. Кейбір қоспалар сырттан жеткізілгенімен, кәсіпорын технологтары реті келсе, оның табиғи түрін жасауға тырысады.
– Бүгінде “ViZaVi Company” – сауда белгісі Қазақстандағы танымал брендтердің бірі. Қазіргі уақытта нарықта өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Алға қойған мақсатыма қол жеткізу үшін еңбекқор, білікті, жауапкершілігі мол ұжымыма арқа сүйеймін, – дейді кәсіпкер.
Қызылжарлық компания бүгінгі таңда облыс аумағында ғана емес, еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінің кондитерлік тағамдар нарығында танымалдыққа ие. Өңіріміздің бір мыңға жуық сауда нүктелерінде молынан кездесетін “ViZaVi Company” ЖШС-і дайындаған тәттілер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Жезқазған қалаларына жеткізіледі. Серіктестік өнімдері Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған, Новосібір және тағы басқа облыстарында сатылуда. Кәсіпорын екі жыл бұрын “Бизнесті қолдаудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Борки кентінде қосымша цехты іске қосқан болатын. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, жаңа өнім түрлерін шығаруға серпін берді. Алдына мақсат қойып, оны жүзеге асыра білетін нәзік жан алдағы уақытта өз ісінің аясын кеңейтуді көздеп отыр.
– Біз бүгінгі нарық талаптарын ескеруіміз керек. Халықаралық стандарттарға жауап беретін сапалы өнімімізбен ғана бәсекелестікке төтеп бере аламыз. Ол үшін өндірісті жаңғыртып отыру маңызды. Бұған дейін заманауи кеңсе ашылып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алдық. Өндіріс аясын кеңейту үшін банктің несие қаржысына, мемлекеттің көмегіне жүгінетін боламыз, – дейді Лейла Сайдашева.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp