«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“VIZAVI COMPANY” ТОП ЖАРДЫ

Петропавлдық “ViZaVi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматы қаласында өткен «FoodExpo Qazaqstan – 2019» көрмесінде үздіктер қатарынан көрінді. «Атакент» кешенінде ұйымдастырылған халықаралық көрме Орта Азиядағы тамақ өнеркәсібіне арналды. Бұдан бөлек, әр түрлі салаға арналған тағы бес көрме өткен болатын. Бұл көрмелерде әлемнің 31 елінен 360 өнеркәсіптік компания өз өнімдерін ұсынды.

Жерлес кәсіпкер Лейла Сайдашева басқаратын “ViZaVi Company” кәсіпорны «Атакент» кешенінде өткен «FoodExpo Qazaqstan – 2019» көрмесінде бірінші орынға ие болды. Мұндай көрмеде жеңіске жету – облыс кәсіпорындары үшін үлкен табыс. Серіктестік бұл көрмеге «Черный лес», алма мен шиеден жасалған штрудель және «Маффины шоколадные» атты кондитерлік өнімдерін апарды. Қызылжарлық серіктестіктің бұл өнімдерінің сапасын Қазақ тағамтану академиясының сарапшылары тексерді. Қазылар алқасы жерлестеріміздің өнімдерін «Кондитерлік өнім» аталымына лайық деп тапты.
Кондитерлік өнімдер шығаратын қызылжарлық компания облыс аумағына ғана емес, республикаға танымал. “Vizavi Company” ЖШС-і дайындаған тәттілер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған қалаларына дейін жеткізіледі. Сондай-ақ, ресейліктермен байланыс нығайып келеді. Омбы, Түмен, Қорған, Новосібір, Красноярск облыстарынан тапсырыс күннен-күнге көбеюде.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp