«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ZHASPROJECT” ЖОБАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ тұрғындарға тегін көмек көрсетуде

Төрткүл дүниені жайлаған қауіпті індеттің салдарынан көптеген адамдардың жұмысы тоқтап, табысынан қағылғаны белгілі. Кей мекемелердің қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшсе, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер мүлдем жабылуға мәжбүр болды. Осынау қиын кезде әркім түрлі жолдармен табыс табудың қамын ойлағаны сөзсіз. Аққайың ауданындағы Ленинское ауылының тұрғыны Қаламқас Дүйсенбаева да осындай азаматтардың қатарында.

Осыдан екі жыл бұрын ойы ұшқыр жастардың жаңашыл идеяларын қолдауға арналған “Zhasproject” жобасын тамамдап, өзінің тігін ательесін ашуға мүмкіндік алған Қаламқас Дүйсенбаева нарық сұранысын ескере отырып, ауылдық жерде бетперде тігуді қолға алған. Өзінің ісін жаңа бағытқа бейімдеудің арқасында табысын сақтап қалған тігінші медициналық бетперделерді ауылдық емханаға тегін беру арқылы, жергілікті тұрғындардың ауыр дертпен күресіне септігін тигізді. Жас кәсіпкер мұнымен шектеліп қоймай, ауылдық әкімдік қызметкерлері мен басқа да тұрғындарға бетперде тігу жолдарын көрсететін шеберлік дәрістерін ұйымдастырды. Қаламқас Дүйсенбаева мұндағы мақсаты әлемде орын алған осындай қиын кезеңде елдің қамын ойлар азамат ретінде шама-шарқынша көмек көрсету екенін жеткізді.

Қаламқастың тігіншілікке деген қызығушылығы бала кезінде оянған. Әжесі іс тіккенде жанында жіпсіз байланып отыратын. Қажет кезде инесін сабақтап беретін. Ал бүгін сол үйренгенінің барлығын өз ісінде пайдаланып жүр. “Zhasproject” жобасын тамамдағаннан кейін ол алғашқы кездері киім-кешектер мен төсек-орындарды үйде отырып тіккен. “Аталған жоба кәсіби тігінші атануыма септігін тигізді. Өйткені, тігіншіліктің қыр-сырын меңгергеніммен, үйімде кәсіби тігуге қажетті құралдардың көбі жоқ еді. Жобаның арқасында ойымдағыны жүзеге асырып, өз ісімді бастадым”, – деді Қаламқас Амантайқызы. Жоба аясында грантқа ие болып, бөлінген қаржыны тігін ательесін ашу үшін керек құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсады. Қаламқастың жобасының негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға тігіншілік қызмет көрсету. Ол балалары жоқ, жалғызбасты егде адамдар, мүгедектігі бойынша әлеуметтік қамсыздандыру тізімінде тұрған жандарға барынша көмектесуге тырысты. Ісмердің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге септігін тигізуде.

Жас кәсіпкер сапалы әрі қолжетімді бағамен тігін қызметін ұсынып, отандық бизнестің дамуына, жергілікті өндірісті жандандыруға атсалысып келеді. Қазіргі кезде карантинге байланысты ателье жұмысы тоқтап тұр. Бірақ болашақта тігіншінің кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу ойы бар.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp