«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ZIK Computers» – ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ БРЕНДІ

Зерттеушілердің қазіргі жұртшылықты «тұтынушы қоғам» деп сипаттауы бекер емес. Бүгінде әркім тапқан-таянғанына керек-жарағын алып, азық-түлігін қамдайды. Ірі сауда үйлеріндегі сапырылысқан кісіде есеп жоқ. Жасыратыны жоқ, солардың көбі тауар таңдап, тиімді сауда жасаудың жолдарын білмей жатады. Азық-түлік пен киім-кешекті айтпағанда, тұрмыстық техника мен компьютер, телефон сатып алудың өзі оңай емес. Талабыңыз жоғары, таңдауыңыз дұрыс болмаса, сатушы жер-көкке сыйғызбай мақтаған сапасыз затқа дүниенің құнын төлеуіңіз мүмкін.

Бұрын таңдау қарапайым, өнім түрі аз болса, бүгінде дүкендерде компьютердің небір модельдері самсап тұр. Әлемге әйгілі брендтерден бастап, сөреге енді ғана аты шығып келе жатқан компаниялардың өнімдеріне дейін тізіп қойған. Қытай, АҚШ, Еуропанікі дейсіз бе, бәрі бар. Бұған біздің де көзіміз үйреніп алған. Азық-түлік дүкеніндегідей отандық өнім іздеп әуре болып жүргендер аз. Сірә жұртшылық жұмысқа қолайлы компьютердің Қазақстанда да құрастырылатынынан бейхабар болса керек. Бірнеше жылдың ішінде «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы жаңа технологияны меңгеріп, бүгінге дейін нарыққа компьютерден бастап, тінтуір, құлаққап, пернетақта, мониторлар шығарған. Тұрақты айдарымыздың осы жолғы тақырыбына айналған тауар түрімен дүкен сөресінде емес, өндіруші кәсіпорынның өзінде танысудың мүмкіндігі туды.

Мұндағы мамандардың айтуынша, зауыт тарихы 96 жылдан асады. Соғыс жылдары Қызылжарда негізі қаланған өндіріс орны майдан даласына қажетті радиоқабылдағыштар мен өзге де байланыс құралдарын жеткізіп тұрған.

– Аға буын өкілдері осы жерде жерасты қайықтарына арналған байланыс жүйелеріне дейін құрастырды. Одан әрі азаматтық салаға арналған өнімдер қатары кеңейді. «Қазақстан» радиоқабылдағышы, «Медеу» магнитофоны соған дәлел. Тәуелсіздік алған тұста зауыт мемлекет меншігінде қалды. Бүгінде «Қазақстан Инжиниринг» акционерлік қоғамының құрамына кіреді. Қорғаныс министрлігі, арнайы органдармен қатар жеке секторға арналған өнім шығару ісі жалғасып келеді. Бүгінде мұнда 600 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта ұжым қатары толыға түспек, – дейді зауыттың баспасөз хатшысы Ринат Шамшутдинов.

Кәсіпорын компьютер құрастыруды бірден меңгеріп кеткен жоқ. Алдымен баспа платаларының өндірісі жолға қойылды. Көпқабатты баспа платалары сапасы мен сипаттамасы жағынан Орталық Азияда баламасы жоқ өнім саналады. Биыл мұндағылар тапсырысты арттырып, өндіріс көлемін екі еселеуді жоспарлап отыр.

«С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ «ZIK» маркалы компьютерлер мен мониторларды сатылымға шығарып отыр. Бүгінде мониторларға деген сұраныс жоғары. Өлшемі 23,8 дюйм болатын монитор Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сай. Дәл осындай өлшем баланың көзіне қауіпсіз саналады. Жалпы кәсіпорын әуел баста бұл құрылғыларды білім беру саласына бағыттап шығара бастаған. Әсіресе, пандемия кезінде отандық өнімді қолданушылар қатары артқан.

2018 жылы зауыт «Great Wall» компаниясымен келісімге келіп, компьютер құрастыруды қолға алған. 2019 жылы мамандар алғашқы 50 ноутбукты құрастырып шықты. Атақты «Microsoft» компаниясымен келісім жасасқан. Демек «ZIK» компьютерлері «Windows» жүйесінде жұмыс істейді.

Бәсекелестік жоғары салада баламасы көп өнім түрінің өндірісін бірден жолға қою оңай емесі анық. Мамандардың алдында компьютердің сипаттамасы қандай болады деген сұрақ тұрды. Ақыры өндірушілер мемлекеттік сатып алу порталындағы компьютерге қойылатын ортақ талаптарды анықтап, жұмыс барысында оларды басшылыққа алды. Ұзаққа созылған келісімдер мен жұмыстар нәтиже беріп, алғашқы 48 мың компьютер, планшет пен ноутбук Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарына жеткізілді.

– «ZIK Computers» жүйелік блоктары заманауи дизайнымен ғана емес, жұмыс жылдамдығымен де алға озып тұр. Құрылғының жедел жады бір уақытта бірнеше бағдарламаны іске қосуға мүмкіндік береді. 4 ядролы процессор білім алуға керектің бәрін қамтамасыз ете алады. Бұған қоса топтамада пернетақта мен тінтуір де бар. Бұл басқаларға қарағанда арзан әрі тиімді. Біздің жүйелік блок, монитор, құлаққаптар «Kaspi» дүкенінде ашық сатылымға шығарылды. Тұтынушылар аталған тауарларды «ZIK Computers» бренді арқылы оңай таба алады. Сапасы жоғары құрылғылар қолданушылардың көңілінен шығып, ұзақ уақыт жұмыс істейтініне сенеміз, – дейді Ринат Шамшутдинов.

Интернет-дүкен арқылы тапсырыс берген тұтынушылар құрылғыларды зауыттағы құнына ала алады. Қызылжарда құрастырылған компьютерлер Қазақстанның кез келген аймағына жеткізіледі. Бүгінде интернет-дүкенде аталған өнімдер көптеп сатылып, өз тұтынушысын тапты. Өндірушілер отандық өндіріске қолдау көрсетіп, қазақстандық құрылғыларға таңдауы түсетін қолданушылар саны әлі де көбейе беретінінен үмітті.

Бетті дайындаған

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp