Қай заманда да “газет – қоғам айнасы” болғаны баршамызға аян. Өңіріміздің күнделікті өмірін дөп басып, хал-ахуалын шынайы бейнелеп, экономика, мәдениет, спорт, дін, тіл және медицина саласында жеткен жетістіктер мен мәселелерді көтеріп жазып жүрген мемлекеттік тілде жарық көретін іргелі басылым “Солтүстік Қазақстан” газеті маған да өте қымбат.
Саналы өмірімді медицина саласына арнаған дәрігер болсам да, әдебиеттен қол үзген емеспін. Газетті бала күнімнен оқып келемін. Денсаулық сақтау саласынан басқа, спорт, мәдениет тақырыбында жарық көрген мақалаларды, сұхбаттарды қызыға оқимын.
Бұрындары “Ленин туы” деп аталған қазіргі газет тәуелсіздікпен бірге гүлдеп, “Солтүстік Қазақстан” болды. Медицина саласының қызметкері болғандықтан, мен газетте ай сайын жарық көретін “Денсаулық” беті мен осы салаға қатысты шыққан мақалаларды оқып отыруды әдетке айналдырдым. Әсіресе, газеттің еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен тың жобалар туралы мақалалар жазып, халыққа жеткізетін бірден-бір басылым деп санаймын. Газет бетінде дерттің алдын алу мен онымен күрес жүргізудің негізгі сатылары баяндалған мақалалар жарияланып келеді. Бұл да өз алдына халықты саламатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға талпындырады.
Ғасырға жуық тарихы бар газеттен заманның лебі сезіледі. Басылым елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, қоғамдық өмірдегі жаңалықтарды, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын өңір жұртшылығына кеңінен насихаттауда.
Өмірімнің басым бөлігі Қызылжар қаласында өткенімен, кіндік қаным тамған туған жерім – Жамбыл ауданының Үлгі ауылы. Мектепте гуманитарлық пәндерге бір табан жақын болсам да, медицина жолын таңдауыма анамның науқастануы түрткі болды. Жоғары оқу орнын тамамдап,1980 жылдан бастап №3 қалалық емханада қызмет етіп келемін. Байқасам, 35 жылға жуық уақыт өтіпті. Газет қызметімде жеткен жетістіктеріме ортақтасты. 2006 жылы “Жыл дәрігері” атанып, көлік мінгенімде қуанышымды бөліскен бірден-бір басылым “Солтүстік Қазақстан” болды.
Менің сол жылдардан бері газетпен байланысым күшейе түсті. Дәрігерлер мамандығын тереңдетіп әрі қарай білім алу үшін баспасөз бетінде медицинаның түрлі тақырыптарында мақала жазуы тиіс еді. Бұл үрдіс осы күнге дейін жалғасын тауып келеді. Сол арқылы дәрігерлердің санаттары жоғарылап, заман ағымына қарай білімдерін толықтыруларына мүмкіндік алады. Сондықтан да медицина қызметкерлері басылыммен әрдайым етене байланыста.
Марат ОМАРОВ,
№3 қалалық аурухананың
травматолог дәрігері.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.