Балалық шағы кеңестік кезеңнен бастау алып, есейіп, ержеткенде тәуелсіздік рухынан нәр алған біздің қатарластарымыз ел тарихында орын алған әртүрлі саяси мәнді құбылыстарға салыстырмалы түрде қарай алатынымыз шындық. “Отанымыздың жүрегі – Москва” деген тіркесті жаттап өскен біз үшін, “елордамыз – Астана” деген ұғым қаншалықты жақын, қаншалықты ыстық екенін сезсеңіздер ғой!
Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның елордасы – Астана қаласының аты да, сәулеті де, алар орны да әлемнің төрт бұрышына таралды. Өзіне лайықты жоғары бағасын да алды, алатыны да белгілі. Қазақстанның әр қиырында өсіп жатқан жас балалардың сәбилік армандарының бірі – Астананы көру. Арман қалада болып, оның мәдени және демалыс орындарында серуендеу екені анық. Астана сәбидің ақ арманына айнала білді. Университетте оқып жүрген көптеген жастар Астанада қызмет істегім келеді деп алдарына мақсат қоя бастады. Ендеше Астана жас ұрпақты мақсатқа жетеледі. Бұл арман қаланың ең басты жетістігі дер едім. Сыртқы сұлулығымен ғана емес, өзіндік биік шыңымен барша қазақстандықтардың жан дүниесіне сәулесін төге білді.
Астана бүгінде әлемдік мәселелерді шешетін, келіссөздерді жүзеге асырып, шешімдер қабылдайтын бейбітшілік ордасына айналды. Қашанда дауды қарумен емес, ақыл-парасатпен шешетін ұлтымыздың ұлы қасиетін бүгінгі елордамыз үлкен кемелділікпен атқарып отыр. Халқымыз талай қиын-қыстау заманды, қуғын-сүргінді, аштық пен соғысты көрді, бірақ ешкімге ешқашан тарлық көрсетпеді. Сондықтан да болар, ел экономикасы қиын жағдайларды басынан кешірсе де, елорданың құрылысын, өсіп-өркендеуін, жан-жақты қарыштап дамуын бір күнде тоқтатқан емес. Аз ғана жылдар ішінде қазақтың қасиетті мекендерінің бірі – Арқа төсінде алып та әсем шаһар тұрғызылды. Оның ең басты сәулетшісі – Елбасының өзі .
Бүгінде 97 метрлік “Бәйтерек” монументі, аспан аясына ұшар биігін тіреген пирамида пішінді Бейбітшілік пен келісім сарайы, тұлғасынан парасат пайымы аңғарылатын Ақ Орда, Хан Шатыр, “Қазақ Елі” монументі, Қазақстан орталық концерт залы, “Астана-Опера”, Астана-Арена, Велотрек, Үкімет Үйі, Парламент, Жоғарғы Сот, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық кітапхана, мұнаралары сенімнің нұрлы шуағын шашқан Ислам мәдениетінің іргелі бір орталығы – “Нұр Астана” мешіті, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ “Хазірет Сұлтан” мешіті, тұрғын үйлер кешендері бастаған сәулетті нысандары одан әрі салынуда. Астана күн сайын жарқырай түсуде, сұлулығымен баршаны жаулап алуда.
Мен өз басым қазақ елінің әлемдік деңгейде көптеген жетістіктерге жетуін ата-бабамыздың басқаға істеген жақсылықтарының шапағаты деп білемін. Бүгінгі астана – Алланың халқымызға тартқан сыйы, Елбасының қажырлы еңбегінің жемісі.
Әр елдің астанасы мемлекеттің алтын бесігі болып саналады. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы күннен-күнге қарыштап дамып, әсемдігімен баурап алуда. Астананың көз тар-тар зәулім ғимараттары туралы тамсанып жаза беруге болады. Ең бастысы, осы жас қаланың бас қалаға айналуының өзіндік ерекшелігі, сара жолы туралы ой айту керек сияқты. Қаланың Есіл өзенінің екі жағына орналасуы, оның айналасын қоршай өскен “жасыл белдеу” Астананы табиғат өзі бауырына алған сияқты әсер қалдырады.
Мұндай тамаша көріністі көру бір бақыт, маңдайға берген бақ емес пе?! Тамырын тереңге салған тарихтың бүгінгі күні өсіп-өніп жатқан жасыл жапырағы, ашқан гүліне айналған Астананың ертеңі нұрға толы. Ел болашағы болар жастарын да бауырына жинап, оқытып, тәрбиелеп отырған бүгінгі Астана ертеңгі күні абыз қалаға айналатынына сенім мол.
Нұргүл СМАҒҰЛОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
М. Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің доценті.