“Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады”, – депті ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қабілет пен ұйымдастырушылық біліктілікті қажет етеді. Өйткені, ұстаздар тәлім-тәрбие беріп отырған жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Осы салаға бар саналы ғұмырын арнаған ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Солардың қатарында өмірінің қырық жылын білім саласына арнаған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Назымбек Оразымбетовтің де бар екенін айта кеткіміз келеді.
Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында дүниеге келген, Николаевка мектеп-интернатында орта білім алған Назымбек Кенжебайұлы 1978 жылы Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, облыс орталығындағы қазақ мектеп-интернатында еңбек жолын бастаған еді. Облыстағы бірден-бір “қарашаңырақ” атанған оқу ордасы ұстаздар ұстаханасы болғанын сол жылдары еңбек еткен мұғалімдер ғана емес, сонда білім-тәрбие алған шәкірттер де жақсы біледі. Мектеп-интернатта Ғалым Хамзин, Шәміл Хасанов, Қизат Ақбидаев, Мәриям Мырзатаева, Рашида Азаматова, Ғалым Қадыралин сынды білім беру саласына ерекше еңбек сіңірген ұстаздар дәріс беретін. Олармен бірге қызмет етудің өзі жас мамандарға ерекше сын болатын. Назымбек Кенжебайұлының сыннан сүрінбей өтіп, биіктен көріне білгеніне талғампаз маман Мәриям Мырзатаевадан кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалғаны дәлел бола алады.
Осы жылдары аталмыш оқу орнында озық педагогикалық тәжірибелер жүзеге асырылды, білім ордасының дарынды балаларға арналған гимназия-интернатқа айналуына алғышарттар жасалды, білікті ұстаздар корпусының қалыптасуына ерекше назар аударылды, жаңа жүйемен жұмыс істейтін сыныптардың оқыту бағдарламасы түзілді. Таңдап алынған жолдың дұрыстығын бүгінгі күні гимназия оқушылары күнделікті істерімен-ақ дәлелдеп отыр.
– Гимназия-интернатты үздік бітірген оқушыларымыз республикамыздың түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Мысалы, Сапар Асанов Астанадағы бір ауданның әкімі болды, Жанар Таласпаева, Жанар Құлыбекова, Бағым Балыбаева – ғылым кандидаттары, ал Қайырбек Қаженов, Абай Ғалиев сынды шәкірттеріміз полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтеріліп, зейнеткерлікке шықты. Гимназияның атын аспандатып жүрген мыңдаған түлектерімді әрдайым мақтан етеміз, – дейді Назымбек Кенжебайұлы.
1996 жылы бұрынғы қазақ мектеп-интернатының ғимаратында облыс орталығындағы ең алғашқы қалалық қазақ мектебі ашылды. Ол қазір Қожаберген жыраудың атымен аталады. Назымбек Кенжебайұлы сол оқу орнында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, құрылған күннен бастап оның білікті ұстаздармен жасақталуына ерекше еңбек сіңірді. Бұл күні білім ордасының мұғалімдері облыс орталығындағы гимназия, лицейлермен терезесі тең саналады. Оған оқушылар санының азаймайтындығы, яғни сұраныстың көптігі дәлел болғандай.
Осы оқу орнында бес жыл еңбек еткен ол облыс орталығындағы №44 мектептің директоры қызметіне жоғарылатылды. Кейін Қызылжар ауданындағы Архангелька балалар үйін басқарды. Назымбек Оразымбетов 2005 жылы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметіне сайланып, содан бері осы салада еңбек етіп келеді.
– Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы облыстағы мүшелер саны ең көп қоғамдық ұйым болып саналады. Ұстаздардың мүдделерін қорғау, олардың демалыстарын тиімді ұйымдастыру – біздің басты міндетіміз. Биыл ғана 10 зейнеткер ұстаз профилакторийде, 15 мұғалім санаторийде тегін жолдамамен денсаулықтарын түзеді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 4 студентіне шәкіртақы тағайындадық. Жыл сайын ұстаздар спартакиадасын өткізуге мұрындық боламыз, – дейді ол.
Назымбек Кенжебайұлының біз құрмет тұтатын тағы бір қасиеті – жанжақтылығы. Тілдің құдіретін жақсы түсініп, туған жер тарихына жете назар аударады. Сөйлесе қалсаң, тарих маманындай өлке тұлғалары жайлы сыр шертеді. Облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің жанашыры әрі оқырманы ретінде де журналистер қауымына танымал.
Ұлағатты ұстаз зайыбы Гүлназия Сейітқалиқызымен үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Назгүл мұнай компаниясында бөлім басшысы, Эльвира Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, кенжесі Назар облыстық көліктік бақылау департаментінде жауапты қызметкер болып, ата-ананың үмітін ақтап жүр. Ынтымағы жарасқан отбасының отағасы мен отанасы бүгіндері бес немереге ата-әже болып отыр.
Назымбек Кенжебайұлының қы-рық жыл бойғы еңбегі зая кетпе-гендей. Бірнеше мәрте Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарына ие болды. “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіпода-ғына сіңірген еңбегі үшін”, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ы.Алтынсарин” төсбелгілерімен, “Еңбек ардагері” медалімен мара-патталды.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.