Біртуар тұлғалар мен атақты азаматтардың кіндік қаны тамған қасиетті Қызылжардың Қазақстан мен Ресей елдері Президенттерінің қатысуымен XV өңіраралық ынтымақтастық форумын абыроймен өткізгенін естіп, осы өлкенің перзенті ретінде төбем көкке жеткендей бір қуанып қалдым. Осынау халықаралық маңызы бар ауқымды жиынды өз деңгейінде ұйымдастырған еліміздің солтүстік қақпасы саналатын Петропавлдың аты бүгінде талайдың аузына ілігіп жүргені шындық. Облыс орталығында көптеген игі істер тындырылды: тамаша ғимараттар бой көтерді, жолдар салынды.
“Тұрғының, үйің, көшең – бәрі қымбат,
Жеткенше тіл бояуы сені сырлап,
Қызылжар, қымбат қалам, біткенше өмір,
Ең ыстық махаббатпен жүрем жырлап”, – деп осы топырақтан түлеген қабырғалы қаламгер Сәбит Мұқанов жырлағандай, Қызылжардың барлық жетістігі осында туып-өскен, балдәуренін өткізген әрбір адамның мақтанышына айналуы тиіс. Қасиет қонған өлкеден нәр алған қазақтың талай аймаңдай азаматтарына, барша халқымыздың мақтан тұтар тұлғаларына Тәуелсіздік жылдары дәл Қызылжардай құрмет көрсеткен шаһар елімізде кемдекем. Ақиық ақын – Мағжанға, елін жаудан қорғаған Ағынтай мен Қарасайға, атақты ғалым Евней Букетовке, ән атасы Үкілі Ыбырайға ескерткіштер орнатылды, “Абылайдың ақ үйі” қалпына келтірілді. Бір көшелердің бұрышында елеусіз қалған Сәбит Мұқанов пен Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері қаланың орталығына көшіріліп, қамқорлыққа алынды. Ғабеңнің, Шоқан мен Достоевскийдің барельефі, Абай мен Пушкиннің ескерткіштері алтындай жарқырады. Ендігі кезекте жазушы Сафуан Шәймерденов, ақын Кәкімбек Салықов, ғалым Мұрат Айтхожин ағаларымызға да құрмет көрсетіліп, көше аты беріліп, ескерткіштері тұрғызылар деген үмітіміз бар.
Биыл қаланың кіреберісіне қойылған Қожаберген жырау ескерткіші, тіпті, айрықша әсер қалдырады. Ескерткіш ұтқыр шешіммен жасалған. Мүсіншінің жыраудың оң қолына “Жеті жарғыны” ұстатқаны озық ойдың ұстыны болып тұр. Бұдан “ендігі жерде қылыш-найзамен емес, жеңіске тек іліммен, ақыл-ойдың озықтығымен, заңмен жүргенде ғана жетесіңдер” деген өлмес өсиетті тануға болады. Ескерткіштің қаланың дәл оңтүстік қақпасына, тоғыз жолдың торабына орнатылғаны тәуелсіздіктің талбесігінде тербетілген еліміздің мерейін одан сайын арттыра түскендей.
Форумға арнайы келген көршілес Ресейдің басшысы Владимир Путин қалаға дәл осы жерден кірді. Мәртебелі мейман егемендігін, елді, жерді қорғаған батырларының рухына тағзым ету сияқты іргелі істермен нұрландырған Қазақстанның өзіндік келбеті қалыптасқан мемлекет екенін аңғарғаны даусыз.
Бір сөзбен айтқанда, Қожаберген бабамыз Қызылжардың төріне ғажап сән беріп тұр. Бұған дейін бой көтерген “Абылайдың ақ үйінің” алдындағы Абылай ескерткіші үш жүздің басын қосқан бірегей тұлғаны дәріптесе, ендігі жерде Петропавлдың бренді Қожаберген жырау ескерткіші болары сөзсіз.
Ешқандай ерекше іс өздігінен жасалмайды, ондайды тек тұлғалар ғана тұрғыза алады. Осы тұрғыдан келгенде облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа, бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа, қала әкімі Марат Тасмағанбетовке айтар алғысымыз шексіз. Барлық істің ұйытқысы болған Құмар Іргебайұлын екі елдің ынтымақтастық форумын тамаша өткізіп, бәрін жоғары деңгейде ұйымдастыруымен құттықтауға болады. Халықаралық деңгейдегі мұндай шара Қызылжарда бұрын-соңды болған емес, енді оның да сеңі бұзылды.
Жақсыбай САМРАТ, жазушы.