15-17 қазан аралығында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері өңір полицейлерімен бірлесіп, «Автобус» жедел-алдын алу шарасына қатысты. Олардың міндеті автобус жүргізушілеріне өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру еді. Іс-шара барысында автобустардың техникалық жай-күйі тексерілді. Адамдар қоғамдық көлікте темекі шексе, электр сымдары тұйықталса, қандай да бір тетіктерінің ақаулықтары болса немесе біреу қасақана от қойса, көлік құралы өртенуі мүмкін.
Пластиктен, сымдардан және басқа да әрлеу материалдарынан жасалған заманауи автокөлік санаулы минуттарда-ақ жанады. Мұндай жағдайда оны автокөліктің ішіндегі өрт сөндіргіштің көмегімен сөндіру мүмкін емес. Қатты жалын пайда болса, бас сауғалағаннан басқа амал жоқ.
Автокөліктегі өрттің алдын алу жолдары бар. Ол үшін қыстың суығында көлікті қыздыру үшін ашық отты қолданбаған және аккумуляторды көлік құралының ішінде зарядтамаған жөн. Жанар-жағар май құятын бактардың аузын ашық қалдыруға да болмайды. Сондай-ақ, тек қозғалтқышқа ғана емес, автомобильдің электр тоғымен жұмыс істейтін бөліктеріне де техникалық қызмет көрсетуді ұдайы жүргізу керек екенін естен шығармаған абзал. Әр автокөлікте міндетті түрде өртсөндіргіш болуы тиіс.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент барлық автобус жүргізушілерін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.