«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АГРОБИЗНЕС — 2020” БАҒДАРЛАМАСЫ ОЙДАҒЫДАЙ ОРЫНДАЛУДА

“Қазақстан – Петропавл” телеарнасында облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновтың қатысуымен “Агробизнес – 2020” бағдарламасын жүзеге асырутақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тура эфирдегі кездесуде басқарма басшысы алдымен саладағы қол жеткен жетістіктер мен алдағы келелі міндеттер жайында хабарлама жасады.  

Хабарламада сөз етілгендей, жыл қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығының барлық саласындағы тұрақтылықты және өңірдің одан әрі дамуы үшін жақсы негіз жасауды қамтамасыз еткен айтарлықтай өсім қарқыны бар. Ол, әрине, алдымен “Агробизнес – 2020” бағдарламасы аясындағы қуатты мемлекеттік қолдауға байланысты. 2013 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласына “ҚазАгро” қаржылық институттарынан сомасы 32,2 млрд. теңгенің қаржысы берілген. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына демеуқаржы түрінде 9,3 млрд. теңге, соның ішінде 6,7 млрд. теңгесі – егіншілікке, 2,6 млрд. теңгесі мал шаруашылығына бөлінді. Облыс экономикасы құрылымындағы аграрлық сектордың үлесі жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын алады.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 44,7 млрд. теңгенің инвестициясы құйылған. Облыс жыл сайын экспортқа 1,5-2,0 млн. тонна бидай шығарады. Негізінен ТМД елдеріне, Еуропалық одаққа, Таяу Шығысқа және Солтүстік Африкаға жөнелтіледі. Өткен жылы экспортқа 1,7 млн. тонна астық және 163 мың тонна ұн шығарылды. Егіншілікте егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Басымдық берілген дақылдарды кеңейту есебінен бидай алқабы 2012 жылғы деңгейден 162,2 мың гектарға азайтылды. Оның есесіне майлы дақылдар алқабы өткен жылғыдан 55,5 мың гектарға ұлғайып, 439,1 мың гектарға жетті. Сол сияқты жемазықтық дақылдар танаптары да 30 пайызға артып, 319,7 мың гектарға жетіп отыр. Тек өткен бір жылдың ішінде ғана облыс ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы сомасы 17,3 млрд. теңгенің 1187 техникасын сатып алған.

Мұндай ырғақты даму облыстың мал шаруашылығы саласына да тән. Өңірдің мал шаруашылығы еңбеккерлері өткен жылы тірі салмақта 97,4 мың тонна ет, 458,5 мың тонна сүт және 487,2 млн. жұмыртқа өндірді. Жыл ішінде мал басы айтарлықтай өсіп, ірі қара 297,6 мың, қой мен ешкі 331,3 мың, жылқы 100 мың басқа жетті. Сондай-ақ 3,6 млн. астам құс бар. “2011-2015 жылдарға арналған ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру аясында 815 басқа арналған 4 асылтұқымды репродуктор және 3,4 мың басқа арналған мал семірту алаңдары құрылды. Облыс шаруашылықтары 25,4 мың бас мал сатып алды, оның 2,5 мыңы – “Сыбаға” бағдарламасы бойынша алынған ірі қара.

– Бидай алқабы былтырғыдан 63,0 мың гектарға қысқарады, ал оның есесіне майлы дақылдар 42,4 мың гектарға, жемазықтық дақылдар 14,4 мың гектарға ұлғайғалы отыр. Ылғал үнемдеу технологиясын 3455,0 мың гектарда қолдану жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникаларының негізгі түрлерін жаңғырту жалғасын табады, қазірдің өзінде 58 техника алынды және “ҚазАгроФинанс” АҚ-ға сомасы 650 млн. теңгеден асатын 94 техникаға өтінім берілді. Сол сияқты элеваторлық сыйымдылықтарымызды 294 мың тоннаға арттыру ойымызда бар. Соның ішінде ең ірісі – құны 8 млрд. теңге тұратын сыйымдылығы 120 мың тонналық “ТНС Экспорт” ЖШС-і астық қабылдау кәсіпорнының құрылысы, ол биыл үшінші тоқсанда пайдалануға беріледі, – деді Серікбай Шәріпұлы. – Ал енді мал шаруашылығын дамытуға қатысты айтарым: “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы аясында 5200 басқа арналған асылтұқымды репродукторлар құру жоспарлануда. Оның бүгінде 1713 басқа арналған шаруашылық орындары белгіленді, сол сияқты әрбір ауданда 450 басқа арналған мал семірту алаңдары ашылады. Сонымен бірге барлығы 4550 бас малға арналған отбасылық 78 тауарлық-сүт фермаларын құру ойымызда бар. Қазірде осындай 37 шаруашылықты айқындап алдық.

Басқарма басшысы брифингке қатысқан тілшілердің қойған сұрақтарына жауап берді. Мысалы, “Қазақ радиосының” облыстағы меншікті тілшісі Ербақыт Амантай көктемгі егіске әзірлік жайын сұраған болса, оған хабарлама деректеріне негізделген толымды жауап алып, техникалық және тұқымдық дайындықтардың жоғары дәрежеде жүріп жатқаны айтылды. Оған қоса 503 мың гектарда төрт ізде пардың өңделгені, 1,2 млн. гектарда сүдігер жыртылғаны, 510 мың тоннаға жуық тұқым қоры бары, оның 81 пайызының тексерілгені және негізінен 1-2 сыныпқа жататыны сөз болды. Сондай-ақ жуырдағы теңге құнының түсуіне қарамастан, жанар-жағармай бағасының былтырғы деңгейде қалатыны және оның тауарөндірушілерге жеткізіліп жатқаны жағымды жаңалық болды.

КТК телеарнасының меншікті тілшісі Гүлмира Тасболатқызы өңірге әкелінген асылтұқымды мал төлдерін өзімізде кәдеге жаратудың жайын сұрады. Серікбай Шәріпұлы мұндай төлдердің өңірдегі ірі қараның тектік қорын жақсартуға ықпалы тиетінін айтты. Қазірдің өзінде осындай 400-ден астам асылтұқымды жас бұқа сатылған.

Сондай-ақ брифингке қатысқан баспасөз өкілдері “Богви” және “ТрансАвто” кәсіпорындарының берешектері, игерілмей бос жатқан егістік жерлері және аудандардағы ветеринарлық станциялар құрылыстарының тым баяу жүріп жатқаны жайлы сұрақтар қойып, оларға қанағаттанарлық жауаптар алды. Айталық, аталмыш кәсіпорындардың еңбекақы берешектерін жабу мәселесі қазір қатаң бақылауға қойылған. Бос, тастанды жерлерді қайтадан есепке алып, заңды меншіктендіру жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты ветеринарлық станциялар құрылыстары да қатаң бақылауға алынды.

Баспасөз мәслихатында өңірдегі ауыл шаруашылығының көптеген өзекті мәселелері сөз болды.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp