«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕЙІК

Сыбайлас жемқорлық – қоғамды кері сүйрейтін кесел. Ал одан сақтанудың бірден-бір жолы – адамды мектеп қабырғасында тәрбиелеу. Сондықтан мектептердегі тәрбие жұмыстарын уақыт талабына сай жетілдіріп отырған жөн. Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 13-қадамын орындау аясында былтыр Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп “Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру” бағдарламасын әзірлеген болатын. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне байланысты жасалған бұл жобаны Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы да қолдап отыр. Өңірімізде осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүзеге асырылуда.

Бағдарлама аясында облыстың жалпы білім беретін мектептерінде тәрбие жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесетін 432 “Адал ұрпақ” еріктілер клубы, 416 “Парасатты азамат” бұрышы құрылды. Аталған клубтың мақсаты – жастардың бойында өнегелік, жауапкершілік, бастамашылдық, патриоттық сынды қасиеттер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бүгінде оған 70 мыңға жуық оқушы мүше. Олардың қатысуымен мектептерде “Қоғамдық тәртіптің негіздері” тақырыбында 416 пікірталастық сабақ өткізіліп, мемлекеттік қызметтің ардагерлерімен кездесу, “Біздің таңдауымыз – құқықтық мемлекет” атты “дөңгелек үстелдер”, “Әділ әрі сатылмайтын еңбектің бейнесі” сурет байқауы, “Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар картасы” ғылыми жобасы, сахналанған көріністер сияқты бір мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, облыс орталығындағы №2 орта мектепте “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бәріміз бірге” интерактивтік ойыны өткізіліп, тәрбие сағаты барысында жемқорлыққа байланысты бейнероликтер көрсетілді.

Шара соңында оқушылар жемқорлықтан туындайтын зардаптың мол екендігіне көз жеткізіп, мұндай кеселге жол берілмеу керек деген ой түйді. Ал Петропалдағы №5 және Ю. Гагарин атындағы №14 орта мектептерде “Адал ұрпақ” клубының мүшелері қатысушыларға ашық диалог форматында түрлі ситуациялық жағдайлар ұсынып, сыбайлас жемқорлыққа қалай жол бермеу керектігін үйретті. Сонымен қатар кекушинкай-каратэ секциясына қатысатын оқушылар “Жемқорлық”, “Параға жығу”, “Пара беру”, “Тамыр-таныстық”, “Ақша”, “Бопсамен ақша алу” секілді сөздер жазылған тақтайшаларды сындырды. Жалпы, өткізілген шаралардың барлығы өскелең ұрпаққа түзу жолды көрсетіп, адал азаматтарды өсіруге болатындығын көрсетті.

Серік АЙДАРБЕКОВ,

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің

бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp