Әйел затының нары деуге келетін осы бір аяулы жан туралы қалам тербеу көптен бері көңілімде жүр еді. Жаңылхан Досымбекқызы туралы айтып отырмын. Оның ғалымдығын, әдіскерлігін, қазақ тілінің қамқоршысы екенін қызметтес болған әріптестері жазар. Мен Жаңылхан Досымбекқызының адамгершілігі, адалдығы жайлы сөз етпекпін. Ол – ұстаз, ғалым, ақын, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, шешендік сөз өнерінің шырақшысы Балтабай Адамбаевтың жары. Жаңылхан апамен сырласқан емеспін, тіпті, “Балтабай ағам қандай еді?” деп сұрап көрмеппін. Бірақ оның әңгімесін тыңдадым, адамдармен қарым-қатынасын байқадым. Атқарған істеріне куә болдым. Содан кейін осы кісідей болу керек деп, іштей ой түйдім. “Нағыз қазақ әйелі” деуге лайық жан. Балтабай аға өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып үйінде жатты. Сонда Жаңылхан апай күні-түні қасында болып, баптап тамағын беріп, қасы мен қабағына қарап, азаматын ардақ тұтты. Cол кезде ол Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтін. Тура сағат он екіде апамыз үйіне жүгіреді. Жұбайын тамақтандырып, жылы сөзін айтып, қайта жұмысқа келеді. Жылы сөзін айтқанын қайдан білесіз дерсіздер. Өйткені, отбасынан көңілді оралады. Замандастарына әдемі қалжыңын айтып, жұмысқа кірісерде аппақ орамалды үстелінің жиегіне төсеп, жазуын жазады немесе кітабын оқиды.
Ол кісінің бекзаттығы, киім киюдегі аса талғампаздығы, бойын тік ұстауы, адамдармен қарым-қатынаста жалпақшешейлік танытпауы әрқашан абыройын асыра түсетін. Жай әйелдердей жеңіл әңгіме айтпайтындығының астарында да өзінің жарына, азаматына деген сыйластығы тұратын сияқты көрінетін. “Адамбаевтың әйелі айтыпты” немесе тағы басқадай әңгімені жолдасы естімесін дегеннен де жақсы тұрпат қалыптасқан шығар. Апай менің осылай ой түйгеніме кешірім жасасын. Себебі, Жаңылхан Досымбекқызының өзінің әке-шешесі туралы айтқан әңгімелерін талай ес-тігенмін. Шуақты ортада өскен баланың бойынан нұр төгіліп тұрады ғой. “Менің апамның аты – Анаркүл болатын. Ол өз жанынан өлең шығаратын. Тіпті, бала кезімде маған да өз өлеңдерін үйретіп, айтыстыратын еді. Балалармен бірге ойнап жүргенде екі жаққа бөлініп айтысатынбыз. Соның бәрін апам (әжем) үйрететін”, – деп тәтті естеліктерімен бөлісіп отыратын. Әкесі туралы да үнемі айтып отырушы еді.
“Шіркін, менің әкем қандай кісі еді десеңші?! Домбырамен ән айтатын. Дауысы құлаққа жағымды болатын. Бала кезімде “Қасқыр да қас қылмайды жолдасына” деген әннің сөзін әкемнен естігенмін”, – деп нұрлы жанарын мөлдіреген көз жасымен сулап алатын. Әкеге деген сағыныш ешқашан да ортаймайды ғой. Әйел затының ата-анасына, ел-жұртына деген бауырмалдық, туысқандық сезімі адал болатыны белгілі ғой. Өзгенің шырағын жағып, балаларын өмірге әкеліп, бөтен елге судай сіңіп, тастай батып, ащы болса көніп, тәтті болса, балдай еріп, оның атын “Алланың жазуы”, “Тағдыр” деп атап, сүреңсіз дүниені шуақ нұрымен, пейілімен сұлуландырып өтетін Ана-Құдіретке бас иетініміз де сондықтан шығар.
Жаңылхан апайдың түскен жеріне тастай батып, судай сіңгенін оның енесі туралы айтқан әңгімесінен бірден білінуші еді. Жаңылхан Досымбекқызының “келін”, “жар”, “жеңге” қызметіндегі өмірі – жастарымызға өнеге мектебі бола алады.
Балтабай Адамбаевтың кеудесі алтын сандық еді, ғұмырында көрген азабы да, ғалымдық жолдағы бейнет-мехнаты да аз болмады. Ұлы Отан соғысына қатысып, фашистің тұтқынына түскені үшін туған Отанының сенімсіздік танытуы, шын мәнінде, азап емес пе? Кеңес үкіметі “бұратана”, “сауатсыз” санаған қазақ деген халықтың сонау гректермен, римдіктермен тең түсетін, тіпті олардан да терең пәлсапалық ойлары бар екенін зерттеп, жариялаған Балтабай Адамбаев Кеңес деген “кемеңгерге” жақпады. Осыншама қиын тағдырдан, кейбір достардың қастығынан, дұшпанның өштігінен кеудеге жиналған запыранның да аз болмайтыны белгілі. Соның бәрін жан жары Жаңылхан Досымбекқызына сеніп айтатын. Балтабай аға асыл жарының адал көңілін сезініп өтті.
“Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін бабалардан қалған асыл мұраларға жол ашылады. Енді ғалымдар еркіндікке шығады” деп қуанған Балтабай Адамбаев шешендік өнердің өзі жариялай алмай келген нұсқаларын, өз тағдырынан сыр шертетін романын жары Жаңылхан апайға аманаттап кетті. Ол да жұбайының аманатына адалдық танытты. Балтабай аға көз жұмғаннан соң 12 кітабын жинақтап, бұрынғыларын өңдеп, толықтырып баспадан шығарды. “Жауынгер” атты романы мен “Нәубет” атты повесі 2007 жылы “Ана тілі” баспасынан жарық көрді. Кітаптың маңдайындағы: “Бұл кітап ағайынды төрт азаматтың: Балтабай Әбдірахманұлы (1919-1990), Спатай Әбдірахманұлы (1923-1977), Жұматай Әбдірахманұлы (1926-1983), Қаратай Әбдірахманұлы (1929-2003) рухына бағышталады. Төре” деген жазуды жазған да, кітаптың солай шығуын қалаған да Жаңылхан апайдың өзі. Бұл да оның көрегендігін байқатады емес пе?! Жаңылхан Досымбекқызы – өзінің енесі, ақын, шешен, батыр Бибіжан ананың дәстүрін сақтап, жалғастырып келе жатқан қазақ әйелі.
Ол атасы Әбдірахман қарттың, енесі Бибіжанның, жары Балтабай ағаның, бауырындай жақын болған қайындары: Сыпатай, Жұматай, Қаратайлардың рух шырағын өшірмей “Нәубет” повесі мен “Жауынгер” романы арқылы өлгенді тірілтіп, өшкенді қайта маздатты. Бір отбасының тағдыр-талайы арқылы бүкіл халықтың көрген тауқыметі көз алдыңнан өтетін трагедиялық шығарма оқырмандар үшін үлкен олжа болды.
Жаңылхан апайдың өзге құрдастарынан айырмашылығы жастардан қол үзбеуі дер едім. Жастарға мейірімін төгіп, кісіліктің де, кішіліктің де жолын көрсетіп жүруі – біздің қай-қайсымызға да өнеге. Біздің азаматтарымызды да аспанға көтеріп, құрметтеп, айналып-толғанып жатады. Оңашада “Ер-азаматтарды сыйлаңдар. Бүгінде әйел ақшаны көп тапса, ерінен өзін артық санап, мұрындарын шүйіріп кетеді. Ол дұрыс емес. Ер-азаматтың орны қашан да төрде болу керек”, – дейді. Егер Жаңылхан апай өзі ер-азаматын қадірлемеген болса, мұндай ақыл-кеңесін бізге айта алмас еді деп ойлаймын.
Жұмыр жердің үсті әрі кең, әрі тар ғой. Жаңылхан апайдың пенделікпен біреуге қиянат жасады дегенін естіген емеспіз. Керісінше, жақсылық жасағанын аяқ басқан сайын көріп, естіп жүрміз.
Жаңылхан Досымбекқызы үлкен бір әулеттің туын тұғырлы етті. Балаларын, немере, шөберелерін ата рухымен тәрбиелеп, Балтабай ағаның бауырларымен, туыстармен байланысын үзбей, бүгінге дейін араласып жүреді.
Балтабай Адамбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай оның туған жері – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында еске алу кеші өтті. Ал әз ана, асыл жар Жаңылхан Досымбекқызы бүгінгі күні 90 жастың төріне ағайын-туыстың кіршіксіз көңілімен, үрім-бұтағының мақтанышымен, жары Балтабай ағаның мәңгілік махаббатымен жетіп отырғаны қандай ғанибет!
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
Назарбаев университетінің профессоры, “Рухани жаңғыру” мәдени орталығының директоры.
СУРЕТТЕ: Балтабай Адамбаев зайыбы Жаңылхан Досымбекқызымен.
Нұр-Сұлтан қаласы.