«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМГЕРШІЛІК БАСТАУЫ

Қазіргі таңда барлық білім беру мекемелерінде барша адам баласын парасаттылыққа жетелеп, бойларында жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырып, адамгершілік мұраларды игеруге бағытталған “Өзін-өзі тану” пәні жүргізілуде.

Халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алатын “Өзін-өзі тану” пәнінің түп-тамыры тереңде жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдардан бастау алып, бастауыш, негізгі және орта мектептерде, тіпті, жоғары оқу орындарында жалғастырылатын пәннің бала болашағына әсері мол. Осы пән арқылы игерілетін білім оқушыларды өзін-өзі тануға, тәрбиелеуге, тұлға ретінде қалыптасып, жетілуге ықпал етеді.

Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады”, – деп ұлы Абай айтқандай, “Өзін-өзі тану” рухани адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелері” тақырыбы тамыз педагогикалық секциясының отырысында да талқыланды. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушылары және аудан мұғалімдері қатысқан семинар барысында заман талабына сай интерактивтік лекциялармен қатар шеберлік сабақтары көрсетіліп, ұстаздар атқарылған іс-шаралары мен жинақтаған тәжірибелерін ортаға салып, пікірлесті. Аталмыш пән арқылы баланы әртүрлі мәселелерді адамгершілік нормаға сәйкес сындарлы шешуге үйрету, өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгі қарым-қатынаста болуға баулу, көмек беруге дағдыландыру жолдары қарастырылды.

Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам іс-әрекетін қадағалап, сын көзбен қарауға, өзін және басқаны тәрбиелеуге, өмірден орнын, бақытын табуға ұмтылады. Семинарға қатысушы мұғалімдер осындай тұлғаны тәрбиелеуде “Өзін-өзі тану” пәнінің рөлі ерекше деген тоқтам айтты. Семинардың өз білімімізді одан әрі шыңдай түсуге септігі мол болды.

Қуаныш МҰХАМЕДИНА,

Кеңес орта мектебінің

Өзін-өзі тану” пәнінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp