«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ

“Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. “Ғылым таппай мақтанба” деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол “Біз ғылымды сатып мал іздемек емес­піз”, – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге” деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет”.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.

Алыстаған сайын биіктей түсе­тін тау сияқты заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, ұлы Абай тұлғасының аласармасы анық. Қайта уақыт ілгері озған са­йын оның артына қалдырған мұрасы асыл тастай ажарланып, туған елін, ұрпағын биік шыңдарға жетелей береді. Еліміздің Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан” деп аталатын еңбегін оқып шыққаннан кейін осындай ойға бе­рілдім. Осыған дейін Абай атамыз туралы қандай сөздер айтылма­ды?! Абай – кемеңгер! Абай – да­нышпан! Абай – ғұлама! Абай – әлемдік деңгейдегі ойшыл!.. Не десек те сыяды. Тіпті, танып, тағы­лымын бойға сіңіру былай тұрсын, жеріне жеткізіп айта алмай да жатқан сияқтымыз. Абай – құшақ жетпейтін Бәйтерек! Қалың елді адастырмайтын – Темірқазық!

Шын хакім, сөзің асыл –

баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе,

дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған

сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күт­пес, – деп ақиық ақын Мағжан да Абайдың ұлылығына бас иген. Осы арада өрекпіген көңілге басу айтып, тізгінді сәл тартар болсақ, осыған дейін Абай оқығандардың, зиялы қауымның ғана ардақтысы, зерттеу нысаны болып келгенін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейім­деу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір дәттеп отыр. “Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шы­ғармалары бүгін де өзектілігін жо­ғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжы­рымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондық­тан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн”,– дейді Қасым-Жомарт Ке­мелұлы.

Мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, біздің еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешудегі маңыздылығы соқырға таяқ ұс­татқандай жан-жақты ашып көрсе­тілген. Абай өз заманында әділет­ті қоғам құру идеясын көтерген. Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” атты тұжырым­дамасы да осы мақсатты көздей­ді. “Сыбырдан басқа сыры жоқ, Ша­руаға қыры жоқ” замандастары­мыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн”. Өте дұрыс айтылған. Осы­ған орай маған бір ой келіп отыр. Терең мазмұнды, аса пайдалы, бағ­дарламалық мақсаты бар осы мақалада айтылған соны ой-тұжырымдар жерде қалмауы үшін оны зерделеуге, туындайтын мін­дет­терді жүзеге асыруға ең алды­мен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс мемлекеттік қызметші­лерді, әкім-қарарларды жұмыл­дыру керек. Олай дейтінім – өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы ұйымдасты­рылды. Әлемдік деңгейдегі таны­мал тұлғаларға дейін зор қызығу­шылық танытқан бұл шараны Пре­зиденттің өзі қолдады. Ал соған әр деңгейдегі әкімдердің, басқа да лауазымды мемлекеттік қызмет­шілердің таласып-тармасып қа­тыс­қанын байқай алмадым. Қо­лында билігі бар олар да ұлы Абайдың “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге” деген өнегелі өсиетін көңілдеріне түйсе, өмірге Абайдың көзімен қараса, көп нәрседен ұтар едік. Сонда ха­лықтың да билікке деген құрметі арта түсер еді. Жал­пы алған­да, Президент еліміз және халқымыз үшін маңызды, өте күрделі, күр­меуі қиын мәселені қозғап отыр. Өйткені, бүгінгі таңда ақыл-ойдың көзіне деген сүйіспеншілік суы­нып, қолына газет-журнал, кітап алатындардың қатары жылдан-жылға сиреп барады. Осындайда “қу тілменен құтыртып”, өтірікті жүндей сабап, даңғазалыққа са­лынсақ, кезекті рет өзімізді-өзіміз алдаған болып шығамыз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

 

“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ОЙШЫЛ

“Қазақтың бас ақыны Абай Құ­нан­­баев. Онан асқан бұрынғы-соң­­ғы заманда қазақ баласында біз бі­летін ақын болған жоқ”, – деп Ахмет Байтұрсынов атап көрсет­кен­дей, қа­зіргі қазақ баласына ақын шығармашылығын те­рең­дете оқы­ту­дың мәні зор. Тә­уелсіздікті баян­ды ету үшін, ел бір­лігі мен ынтыма­ғын сақтау жолын­да, ұлттық рух пен рухани танымды асқақ ұстау үшін Абай мұрасын оқытудың ма­ңызын айтып жеткізу мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан” атты мақаласында Абай мен қазақтың егіз ұғым екенін тағы бір дәлелдеген.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, интеллектуалды ұлт қалып­тас­ты­ру идеясы Абайдан бастау ала­ды. “Ұлт болып қалыптасу үшін бі­лім­ді, интеллектуалды болуы­мыз қа­жет екенін білеміз. Ендеше, неге біз­ге осының барлығын Абай­дан ал­масқа?! Әрине, аламыз. Біз­дің осы жылы жоспарланып отыр­ған әр ша­раның түпкі мақсаты да сол дер едім. Білім саласы бол­сын, басқа са­ла болсын, Абай­ды оқу ешкімге ар­тық болмайды. Кері­сін­ше, алары­мыз көп екенін еске­руі­міз қажет” деген пікірін көкірегі ояу жанның көңіліне тоқығаны анық.

Абай – қазақтың адастырмас те­мірқазығы. Абайды насихаттау – қа­зақилықты, ұлттық болмысты жаң­ғыр­ту. Сондықтан мақалада қоз­ғал­ған мәселелер өзекті әрі ма­ңыз­ды. ХХІ ғасырдағы қазақ қан­дай болуы керек? Оның тұрмысы, мә­дениеті, әде­биеті қандай ба­ғыт­та дамуы тиіс? Мұның бар­лығын Абай айтып кеткен. Ұлттық өзектің мық­ты болуы да Абай туын­ды­ларын­да жазылған. Абай жайында жер­лес жа­зушы Сә­бит Мұқанов: “Да­­ныш­пан­д­ар­дың бәрі – ақын емес, ақындар­дың бәрі – данышпан емес, Абай – солар­дың екеуі де бол­ды”, – деп оның ке­меңгерлік тұл­ға­сын аша түскен еді.

Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құнанбай­ұлынан кейін де талай дүлдүл топ жа­рып, өздерінің өлмес туындыла­рын тарту етсе де, Абайдың жұл­дызы биік тұратындығы нелік­тен? Ол ең алдымен Абай шығар­ма­­­шы­лығы­ның әмбебаптылығы, эн­цик­­лопе­­дия­лығымен түсіндірілсе ке­­рек. Ли­ри­ка, поэзия, сатира, поэ­ма, аудар­­ма жанрларының негізін са­­лып қана қоймай, осы жанрлар­ды әлемдік биік­ке шығара білуі, музы­калық мұ­расы, әлеуметтік-публицис­тикалық, фи­лософиялық, діни, ғылыми, та­ри­­хи еңбектерінің мазмұн тереңді­гі, ағартушылық, педа­гогикалық ойла­ры оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына ар­қау болды.

Айман АСАНОВА,

Тимирязев мектеп-интернатының директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты.

 

ҰЛТ ҰСТАЗЫ

Біздің елді әлемге танытатын ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың есімі әр қазақтың жүрегінің төрінен орын алады. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласын оқып, ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай ел ішінде және халықаралық деңгейде өтетін шаралардың нәтижесінде қаламгерге деген құрметіміздің еселене түсетінін ұғындым.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру” атты мақаласында: “Абайдың дана­лығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құр­ман­ға­зы­ның күйлері, ғасырлар қой­науынан жеткен бабалар үні сияқ­ты ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тілі­міз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жо­ралғыларымыз, бір сөзбен айт­қан­да, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс” – деген болатын. Шынында да, Абайдың ілімі халық­тың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ланысты, ал даналығы қазіргі за­манмен үндес. Абай шығарма­шы­лы­ғымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, асыл армандарға жетелейді, өзіңді-өзің талдап, тара­зылауға итермелейді. Ойшыл Абай бұрынғының адамы болса да, оның айтқан әр ойы бүгінгі күні де ма­ңыздылығын жойған жоқ. Ол хал­қының мүшкіл халін ойлап, өткір сөзімен сол қауіптен құтылар сара жолды көрсетті. Яғни, Абай рухани білімді әлем заңдылықтарының не­гізгі қайнар көзі ретінде ұсынды. Ен­деше, кемеңгерді кеңірек таны­ту, оның жүрегіне терең бойлау қазақ баласы үшін рухани тәрбиемен су­сындаудың негізгі жолы деп біле­мін. Осы орайда Қасым-Жомарт Ке­мелұлының Абайдың рухани мол мұ­расын жаңа көзқарас тұрғысы­нан жан-жақты, терең талдауға ұм­тылғаны ел тізгінін көреген саясат­кер ұстап отырғанын аңғартады.

Мақалада үстіміздегі жылы ұлы Абайдың 175-жылдық ме­рейтойы лайықты аталып өтіле­ті­ні айтылған. Биыл осы мақсатта халықаралық, республикалық жә­не аймақтық деңгейде 500-ден ас­там іс-шара ұйымдастырылады. Ма­ңызды жобаның бірі – ұлы ақын­ның шығармаларын он тілге ауда­рып, басып шығару. Сондай-ақ, Пре­зиденттің айтуынша, Абайдың өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін да­мытудағы рөлі туралы бірнеше де­ректі фильм және “Абай” телесе­риа­лы түсіріледі. Ақынның келер ұр­паққа қалдырған шексіз биік ру­хани мұрасын зерттеу ісі осындай маңызды шаралармен толықса, бү­гінгі ұрпақ ойшылдың данышпан­дық бейнесін одан сайын тани тү­сіп, біртұтас ел ретінде болашаққа қадам басары анық.

Ботагөз ТАУҒҰДЫРЕТОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары.

 

БАР ҚАЗАҚТЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Биыл ұлы ақынымыз, қазақ әдебиетінің не­гізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туға­нына 175 жыл толады. Қазақстан Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласын­да атап өткендей, “…оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тір­шілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ді­лі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды”. Президент мақаласында Абайдың 175 жыл­дығы Қазақстанда кеңінен аталып өтетіні, ел қалаларында Абай орталықтарының ашы­латыны жайында атап өтті. Біздің кітапхана ұлы ойшылдың мерейтойына орай Абай ор­талығын былтырғы жылдың қараша айында ашып үлгерді. Оқырмандарымызға қа­лам­гер жайлы тың ақпараттар беретін мәде­ни орында ақынның 300-ден астам шығар­ма­сы бар. Мұнда, сондай-ақ, “Әлем таныған Абай” атты көлемді кітап көрмесі де орна­лас­қан. Онда Абайдың қазақша шы­ғар­маларымен қатар, ағылшын, не­міс, француз, ТМД елдері тілдеріне ауда­рыл­ған туындылары да бар. Абайдың бірін­ші қолжазбасының көшірмесі (Мүрсеиіт Бі­кеұлы сақтап қалған) және де 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан шыққан (Ілияс Бораганский шығарған) Абайдың бірінші шы­ғармалар жинағы мен 1920-1950-ші жылда­р аралығында жарық көрген кітаптары туралы деректерді де табуға болады.

Орталықта Абайға қатысты архив құжат­тары мол. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұма­баев­тың Абайға арнаған өлеңінің, құнды құ­жат­т­ардың: орыс патшасына жазылған Абай­дың қолы бар хаттың, біздің қаламыздың басты көшелерінің біріне атын беру ту­ралы 2005 жылғы және орта­лық алаңға Абай мен Пушкиннің мүсінін қою туралы 2006 жылғы шешімдердің көшірмелері көрсетілген.

Ел Президентінің мақаласынан кейін біз­дің кітапханада да ұлы ақынның мерейто­йын ауқымды деңгейде атап өтуге жан-жақты да­йындық жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта оқырмандар конференциясы, Абай мұрасын талқылау кештері және осы та­қы­рыпта көрмелер ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Был­тыр басталған Абай өлеңдерін оқу эста­фетасын әрі қарай жалғастырамыз. Бұл челлендж шетелдіктер тарапынан да зор қол­дау тапты. Хакім Абайдың өлеңдері Санкт-Пе­тербург, Париж бен Берлин көшелерінде оқыл­ды. Жұртты желіде жұмылдырған ша­ра­дан Мемлекет басшысы да шет қалмаған еді. Ол өз мақаласында бұл жақсы дәстүрдің биыл да жаңаша жанданатынына сенім біл­діріп отыр. “Өткен жылы Абайдың шығарма­ларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқу­шыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлем­дік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеу­дің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу чел­ленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жа­ңаша жанданады деп сенемін”, – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан біз де өз арамызда осы бастамаға қолдау білдірсек деген оймен әлеуметтік желілер арқылы Абай өлеңдерін жатқа айтуды жоспарлап отырмыз.

 

Ләззат ЖОЛАУШИНОВА,

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp