Биылғы жылдың мамыр айының оныншы жұлдызында ауылымыз – Жамбыл ауданындағы Амангелдіде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанат өткізілді. Көптен бері көрмеген ауылдастарыммен, ағайындарыммен қауышып, құшақ айқастырып, жастардың күресін, арқан тартысын, тағы басқа жарыстарды, ойын-сауықтарды тамашалап, төбем көкке жеткендей күйде едім.
Кенеттен тұла бойым қалтырап, көзімнің алды тұманданып, басым айналып, жанымды қоярға жер таппадым. Шыдайын, жұрттың мазасын алмайын деп тырысып-ақ бағып едім, жүрегім аузыма тығылды да тұрды.
Бойға қорқыныш кірді. Енді болмаса о дүниеге аттанып кететіндей болдым. Әуелгіде бұған мән бермеген құрдастар мен досжарандарым жағдайымның мүшкіл екенін сезді ғой деймін, абыр-сабыр болды да қалды.
Қалаға, үйіме жылдам жету керек. Осы кезде тойға өзінің жеке жеңіл көлігімен келген, қасында отбасысы бар ауыл азаматы, Қызылжарда тұратын Жапар Төлегенов інішегім: “Той өз алдына, Сағди ағаны қалайда қалаға жеткізуім керек!” – деп, келін-балаларды ауылда қалдырды да, Қызылжарға құстай ұшты.
– Анда-санда қарап қоямын, ауыр дем алып жатырсыз. Әйтеуір, “Алла жар бола көр!” деп келемін, – деді кейін Жапар Бәриұлы.
Мұның бірі де менің есімде жоқ. Әйтеуір, Жаратқан ие жар болып, Жапар інімнің жан баурар тілегінің арқасында аман қалдым.
Ертеңіне сырқатым қайталанған соң “Жедел жәрдеммен” үшінші аурухананың инсульт бөлімшесіне келіп түстім. Жетпістен асқан шағымда осындағы абзал жандар жас баладай күтіп, ем-домын жасағанына айрықша ризамын. Алена Герасименко, Айдана Хамитова, Юлия Хайбуллина сияқты жандардың жақсылығын айту – парызым.
Осы ауруханада емделіп шыққан соң учаскелік терапевт Әубәкір Өмірәлиев мені екінші қалалық аурухананың қан тамырлары хирургиясы бөлімшесіне жатқызды. Бөлімше меңгерушісі Сергей Череда, емдеуші дәрігер Андрей Тишко сырқатымнан айықтырып, жағдайым жақсарды.
Ал өзім тұратын жердегі емхананың да ақ желеңді абзал жандары қадағалауға алып, терапевт Ә. Өмірәлиевтің жан жылуына бөлендім. Осы аяулы жандардың бәріне алғысым шексіз.
Сағди ҚАБЫЛОВ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.