VII Азаматтық форумның негізгі ережелерін жүзеге асыруда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша азаматтық бастамалардың бірінші Конгресі өтті. Бұл шараға өңірлер бейнеконференция режімінде қатысты.
Конгресс барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев елімізде 18 мыңдай қоғамдық бірлестік болса, оның алты жүзден астамы ғана құқық қорғау бағытында жұмыс істеп жүргенін тілге тиек етті. Ал олардың ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша еңбек етіп жүргендері өте аз екен.
Ал Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов кәсіпкерлер ісін ашқан күннен бастап “сыйлық дәметушілерден” көз ашпайтынын атап өтті. Әсіресе, қазақстандық кәсіпкерлер салық салу, сатып алу, жер мәселесі, сәулет және құрылысы бойынша көп кедергілерге кездеседі екен. Жерге қолжетімділік, бас жоспар жөніндегі мәліметтің ашық болмауы барлық өңірдегі кәсіпкерлердің ортақ мәселесіне айналған. Осы орайда кәсіпкерлердің құқығын қорғаушылар жергілікті атқарушы органдарға бас жоспарды әкімдіктердің сайтына жариялауды, ал кәсіпкерлер шағын және орта бизнеске қажет жерлерді ашық аукцион арқылы сатуды ұсынған екен. Бүгінгі таңда әкімдіктер сайтына 250-ден астам бас жоспар жарияланған. Бірақ жер телімдерін ашық аукцион арқылы сату туралы ұсыныс айтылған күйі қалған.
– Әрине, бұл ұсынысты қабылдау немесе қабылдамау жергілікті атқарушы органдардың өз еркінде. Десек те, жер телімдерінің кімге, не үшін берілгені, онда не салынатындығы жөнінде мәлімет жарияланып отырса, көп мәселенің түйіні тарқатылар еді, – деді Болат Палымбетов.
Сонымен қатар экономикалық құқық бұзушылық кезінде қылмыстық және қылмыстық процессуалдық заңнамаларда жауапкершілікке тартудың қатаң шаралары сақталғандығы да сөз болды. Қолданыстағы процессуалдық нормалар 80 пайыз жағдайда кәсіпкерлердің негізсіз қылмыстық қуғындауға ұшырауына жағдай жасайды екен.Тергеу амалдары кезінде кәсіпкердің ісі тоқтап, шығынға батады. Осы орайда, Болат Палымбетов мемлекеттік қызметшілердің экономикалық саладағы жауапкершілігін арттыру керектігін айтты. Себебі, кәсіпкердің кінәсіз екендігі анықталған кезде ешкім жауапкершілікке тартылмайтын көрінеді.
Жалпы, конгрестің қатысушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бастамаларды жоғары бағалап, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.