Конституция күні қарсаңында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “дөңгелек үстел” басында сот және құқық қорғау органдарының өкілдері Ата Заң аясында жеткен жетістіктерімізге тоқталып, алдағы міндеттерді белгіледі.
№2 Петропавл қалалық сотының судьясы Фейруз Омарова “Әділ соттың конституциялық негіздері” тақырыбында баяндама жасап, бүгінде өңірімізде сот төрелігі ашық және әділ жүргізілетінін атап өтті. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың “Құқықтық пәндер” кафедрасының аға оқытушысы Марина Умрихина конституциялық реформаларды еске түсірді. Ал “Конституция – еліміздің құқықтық негізі” деп бастаған Ұлттық Ұлан әскери институтының оқытушысы Бахыт Қалиев: “Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды”, – деген ойын ортаға салды.
Шара барысында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаменттің басшысы Елена Степаненко барша қауымды мерекемен құттықтап, адал еңбек етіп келе жатқан бір топ мемлекеттік қызметшіге Алғыс хаттар табыс етті.
Атаулы мерекеге орай кітапханада “Еліміздің құқықтық іргетасы” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.