«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЛАЛАРЫ ІСКЕ АСПАДЫ

“Жаңа Жол” шекара бақылау бөлімінде Ресейге заңсыз өтпек болған Моңғолия азаматтары ұсталды.

Шекараны заңсыз кесіп өту үшін адамдар түрлі амалдарға барады. Қазақстан – Ресей шекара бекетіне аялдаған “Мерседес” жүк көлігінің жүргізушілері өз құжаттарын ұсынып, тіркеуден өтеді. Алайда, шекара қызметшілері көлікті тексеру барысында оның төбесіндегі қолдан жасалған жатын бөлікте жасырынып жатқан өзге екі шетелдік азаматты тауып алған.

Сұрастыру барысында бір ресейлік пен Моңғолияның үш азаматының Қазақстан аумағына қара мал сатып алу мақсатымен кіргені анықталды. Жолшыбай көлік полицейлер назарына ілігіп, жүргізушілер жолаушыларды шамадан тыс отырғызғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Дегенмен, тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан, сапарларын төртеу болып жалғастыра береді. Алайда, тағы бір әкімшілік жаза алудан қорыққан жүргізушілер жолаушыларын шекарадан тығып өткізбек болады.

Шетелдік азаматтар тергеу жұмыстарын жүргізу үшін 2032 әскери бөлімінің әкімшілік-құқықтық жұмыс бөліміне жөнелтілді. Жасырынған екі азамат Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасын қасақана бұзу, ал өзгелері заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

“Жаңа Жол” шекара бақылау бөлімі бастығының орынбасары, капитан Азамат Дүйсеновтің айтуынша, жыл басынан бері бекет шекарашылары мемлекеттік шекараны бұзған бір жүз адамды, уақытша тоқтау ережелерін ескермеген төрт жүзден артық адамды анықтаған. Басқа біреулердің құжатымен шекарадан өтпек болған бес адам ұсталған.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp