
	“Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тас қалаушысы Абылай Қоңқаев – құрылыс саласында 37 жылдық тәжірибесі бар білікті маман.
	Жиырма үш жасында алғаш рет қолына қалақ алған ол бүгінгі күні жастардың тәлімгері. Ертелі-кеш құрылыс басынан табылатын Абылай Қоңқаев жиырма жылға жуық уақыт Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеруіне атсалысты. 
	Алтыншы разрядты құрылысшының облыс орталығындағы бірқатар ғимараттарда да қолтаңбасы бар. Осылайша, қаламыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосуда.
	– Жылдың төрт маусымында құрылыс жұмысы бір сәт тоқтамайды. Жауын-шашынның астында, желдің өтінде жүріп жұмыс істеуге де қажыр мен қайрат қажет. Меніңше, ұжымда құрметке ие болу үшін өз ісіңді тиянақты атқарып, өзгелерге де әрдайым көмек қолын созудың маңызы зор. Жас тас қалаушыларға сонда ғана еңбектің жемісті болатынын айтудан жалықпаймын, – дейді ол.
	Бүгіндері тәжірибелі маман Петропавл қаласындағы 2-ші Первомай көшесінің бойында тұрғызылып жатқан 93 пәтерлік үйдің құрылысында еңбек етуде. Құрылысшылардың ауыр да жауапты еңбегінің арқасында нысан биылғы жазда пайдалануға беріліп, пәтер кезегінде тұрған қызылжарлықтарды қуанышқа бөлемек.
	 
	Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
	СУРЕТТЕРДЕ: А.Қоңқаев жұмыс үстінде; құрылыстан көрініс.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.