Облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Валерий Затайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды.
Валерий Затай құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беруді тездету үшін заңды тұлғадан 1,5 мың доллар талап еткен. Қылмыс үстінде ұсталған ол артынша кепілдікпен босатылған еді.
Іске қатысты алғашқы отырыс та ұзаққа созылмады. Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Тараптар өзара келісімге де келген. Сондықтан айыпталушыға айыппұл жазасы қолданылуы мүмкін. Әрі оның зайыбының есебінде 30 миллион теңгеден астам ақша бар екені де анықталды. Демек, олар мемлекетке келтірілген шығынды өтей алады.
Валерий Затайдың қорғаушысы Александр Никитин тараптардың келісіміне қатысты құжаттардың толық дайын емес екенін айтып, судьядан отырысты кейінге шегеруді сұрады. Келесі сот отырысы 23 қазан күні өтеді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.