«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУ АУРУХАНАСЫНА – РЕАНИМОБИЛЬ

Айыртау аудандық орталық ауруханасына “ГАЗель” маркалы жаңа реанимобиль автокөлігі берілді. Оған республикалық бюджеттен 17 миллион 800 мың теңге қаражат бөлінген. Енді ауруханадағы қазіргі заман талабына сай қондырғылармен жабдықталған екі “Жедел жәрдем” көлігі ауылдықтарға қызмет көрсететін болады.

Айыртау ауданының әкімі, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының төрағасы Ағзам Тастеміров денсаулық сақшыларын жаңа “Жедел жәрдем” көлігімен құттықтап, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Саят Молдахметовке оның кілтін табыс етті.  

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының аясында ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді бола түсті.

“Жедел жәрдем” көлігі жансақтау бөлімінде болуға тиіс озық қондырғылармен толық жабдықталған. Соның ішінде жүректі соқтыратын мониторлы дифибрилятор және 12 каналды электрокардиограмма аппараты, аса ауыр халдегі науқасқа тыныс беруге арналған портативті қондырғы да бар.

Сонымен қатар, күйік және үсік шалған науқасты да тасымалдауға ыңғайлы. Көлік апатынан немесе басқа жағдайларда ауыр соққы алып, дене мүшесін сындырып, шығарып алған науқастарға жедел көмек көрсетуге, жүкті әйелдерді жолда оңай әрі жеңіл босандыруға жағдай жасалған. Реанимобиль система қоюға да ыңғайлы. Жедел көмек көрсету бөлмесінен жүргізушімен тілдесу үшін тікелей байланыс телефоны орнатылған. Озық технологиялардың қыр-сырын меңгеру үшін орталық аурухана дәрігерлері алдын ала арнайы курстардан өткен.

Бұрын аудандағы науқастарды “УАЗ” автокөлігімен облыстық ауруханаға жеткізу қиын болатын. Сырқат жандар облыс орталығынан келетін жедел көмекті зарыға күтетін. Енді ол күндер артта қалды.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp