Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошановтың 80 жасқа толуына және ғылымдағы еңбек жолының 55 жылдығына орайластырылған “Отандық ғылымның мақтанышы” атты шағын көрме ұйымдастырылып, “дөңгелек үстел” өткізілді. Оған зиялы қауым өкілдері алымның туған-туыстары, жора-жолдастары мен ауылдастары және мектеп оқушылары қатысты.
Аманжол Қошанов – елге белгілі тұлға. Оның ғылымға сіңірген еңбегі орасан. Әкесі Қошан ақсақал көпті көрген шежірешіл, әңгімешіл кісі болыпты. Академик Абылай ханның атақты батырларының бірі – Құлеке Тәңірбергенұлының алтыншы ұрпағы.
Әр тұлғаның бейнесін, азаматтық келбетін, қоғамдағы орнын анықтайтын да, бағалайтын да халық. Ендеше, бұл күнгі “дөңгелек үстелге” жиналғандар атақты жерлестері Аманжол Қошанұлы туралы ойлары мен толғаныстарын ортаға салып, тағылымдық бас қосу өткізді. Онда аудан әкімі Марат Омаров, мерейтой иесінің бауыры Мұрат Жантілеуов, Ұлы Отан соғысының ардагері Кірамша Мұқанов, ауылдасы Бекет Жүсіпов, жерлестері Ғалым Рақымов, Қыдыр Ескендіров сынды азаматтар ғалым туралы әңгіме тарқатып, игі тілектерін білдірді. Ғалымды жақсы танитын орта Аманжол Қошановтың сан қырлы ғылыми және ұйымдастырушылық қызметтері мен еңбек жолы туралы белгілі жайлармен қатар, оның адами қасиеттерін аша түсетін тың деректерді ортаға салды.
Академик Аманжол Қошанов 600-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 53 монографиялық жұмыстың авторы. Ғалым сексеннің сеңгіріне көтерілсе де, еңбектен қол үзбей ізденіп, 2012 жылы “Индустриялық-инновациялық стратегия және экономикалық өсу” атты іргелі монографиялық еңбегін жарыққа шығарды. Осындай еңбекқор, білімді де білікті ғалымды америкалық биографиялық институт пен халықаралық зерттеулер департаменті ғылымдағы және халықаралық әріптестікке қол жеткізген жетістіктері үшін екі мәрте “Жыл адамы” (2004 және 2009 жылдар) ретінде тануы да көп жайды аңғартса керек. Ғылым мен қоғамдық қызметте және еліміздің экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Аманжол Қошанов “Парасат” орденімен марапатталған.
Сергеевкадағы жиын атақты академиктің мерейтойының бастамасы ғана. Оның туған күні – 11 қазанда Алматыда “Ғылыми қалыптасқан экономика – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының жаңа кезеңі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.