1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінің алғашқы санының беташар сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы баспасөздің маңыздылығы туралы айта келіп, оның төрт қызметін көрсеткен екен. Алаш арысының айтуынша, газет – ең алдымен халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші – елдің жол көрсетушісі, үшінші – білім таратушы, төртінші – халықтың даушысы. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де баспасөздің қоғам өміріндегі маңызы жоғалған жоқ.
Бүгінгі баспасөз де Алаш аманатын арқалап, ұлттың сақшысы, үні болып келеді. Сондықтан да газетке жазылу әр азаматтың еліне деген сезімінің, ұлтына деген жанашырлығының көрінісі. Газет қызметкерлері 2026 жылға арналған баспасөзге жазылу науқанына орай қолға алған оқырман күні Есіл ауданында жалғасын тапты.
Мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі Мереке Мұхамедияров бастаған жергілікті билік өкілдері, басылым жанашырлары, оқырмандар мен ауыл тұрғындары қатысты. Шарада сөз алған Мереке Тілеужанұлы газет ұжымын 105 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыстық басылымды қолдау жалғаса беретінін айтты. Мінбеге шыққан «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы жиналғандарға газетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жетістіктері туралы баяндап, газет-журнал оқудың маңыздылығы туралы сөз қозғады.
Оқырмандар арасында газетімізбен бірге жасап келе жатқан аға буын өкілдері де аз болмады. Біржан Қойшыбаев, Мереке Қыдыбеков, Орал Ғазизова есімді оқырмандар басылымның Алаш аманатына адалдық танытып келе жатқан темірқазық екенін айта келіп, жиналғандарды газет, кітап оқуға, басылымға жазылуға үндеді.
Есіл ауданында өткен іс-шараға арнайы келген ақын, сазгер, өлкетанушы, басылымның тұрақты авторларының бірі Дәстен Баймұқанов ауданның өткен тарихын тереңнен қозғап, жергілікті тұлғалар мен елді мекендердің өткенінен ақпарат беріп, ән салды. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Ерасыл Алпыспай, жергілікті өнерпаздар Тоймырза Абашев пен Жомарт Қалиев кештің сәнін кіргізді. Шарада оқырмандар облыстық газет туралы сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар иеленіп, басылым туралы пікірлерін білдіріп, толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».