«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ

Өңірімізге белгілі ардагер ұстаз, өлкетанушы Қайролла Мұқановтың жақында тағы бір жаңа кітабы жарық көргенін оқырмандарға сүйіншілеуді жөн деп таптық. Өңіріміздің әдебиет қорын құнды дүниелермен толықтырып жүрген ол осы жолы Алаш қайраткері Абылай Рамазанов жайлы қалам тербеген.

Халқымыздың небір асыл азаматтарының жоқтаушысына айналған ардақты ұстаздың жаңа кітабы жастың да, жасамыстың да көңілінен шығуы тиіс. Өйткені, тарих парақтарын ақтарып отырып, еліне, жеріне қалтқысыз қызмет еткен перзенттерді ұлықтау, оларды бүгінгі ұрпақ жадынан өшірмеу, әрине, ең алдымен алдыңғы толқынның еншісінде. Қайролла Мұқановтың да көздегені осы. Автор туындының кіріспесінде атап өткендей, еліміздің біртуар азаматтарының басынан өткен қиындықтар сол кезеңнің ауыр күндерін айғақтайды. Сондықтан өткен тарихтың ақтаңдақ беттерін бүгінгі ұрпақтың білуі олардың елжандылық сезімін күшейтеді. Ендеше, Қайролла Мұқановтың жаңа кітабы – құнды еңбек.

Жаңа кітаптың басты кейіпкері Абылай Рамазанов 1871-1931 жылдары өмір сүрген. Ұзақ жылдар бойы есімі елеусіз қалып келді. Бұл кітап көпшілікке өз заманында Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жұмағали Тілеулин, Әбу Жұсыпов сынды алаш қайраткерлерінің жанында жүріп, қазақ халқының азаттығын аңсаған азамат жайлы жан-жақты мәлімет береді.

Шығарманың алғы сөзін елімізге белгілі заңгер, “Қаһармандар” қорының төрағасы Сабыр Қасымов жазған. “Абылай Рамазанов – жұмбақ адам. Оның ел игілігі жолындағы еңбегі толық зерттелмеді. Ал бұл кітап Алаш қайраткерінің көпшілікке танылуына жол ашып отыр. Автордың көп еңбектенгені, мұрағат құжаттарын жинастырып, жан-жақты ізденгені анық байқалады”, – дейді Сабыр Ахметжанұлы. Шынымен де, деректі ғұмырнамада Абылай Рамазановтың ата тегі, өмірі, қажылық сапары, Алаш қайраткерлерімен байланысы, қуғын-сүргінге ұшырауы жөнінен мағлұмат беріледі.

Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp