«Алло, сіздің есіміңіз Амангелді ме?». Өз атын бейтаныс жанның аузынан естіген Амангелді ақсақал «Иә» не «Жоқ» деп жауап берерін білмей, үрейлі көзбен маңайын бір шолып өтті де, тұтқаны тастай салды. Арада сүт пісірімдей уақыт өткен жоқ, қалта телефоны тағы да безектеп қоя берді. «Алло, сіз Амангелдісіз бе?» – деп сұрады тұтқаның арғы жағындағы жан. Ақсақал өзінің атынан өзі шошығандай күйге түсіп, дауысын сәл қарлықтырып «Жоқ» деп жауап берді. Әлгі кісінің: «Мазалағаным үшін кешіріңіз! Астанадан Ринат деген жігіт бір сөмке беріп жіберіп еді. Алушы кісінің нөмірін қате жазып алдым ба екен? Айып етпеңіз!» дегені сол еді, ақсақалдың көңілі көтеріліп: «Амангелді деген менмін ғой, менмін» деп басын изеп, сөзін әрі қарай жалғады: «Ренжіме, балам, сені алаяқ екен деп қалдым. Атымнан кредит алып, қолыма ұстап көрмеген миллиондарды мойныма іліп кете ме деп жүрексінгенім ғой».
Қоғамдық көлікте орын алған осы жағдай көптен бері ойымнан шықпай жүрді. Өкініштісі сол, соңғы кездері екі адамның арасындағы осындай диалогты күн сайын еститін болдық. Бір-бірін мүлдем танымайтын жандарды айтпағанда, ет жақындардың өзі туыс-бауырға сенбейтін болған.
Ашылған аранын тыя алмай, айылын жия алмай отырған алаяқтар да, олардың ұзын құрығына түсіп қалып жатқан жандар да күн сайын көбеюде. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері елімізде 164 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелген екен. Қаржыгерлердің айтуынша, алаяқтар көп жағдайда фишинг, жалған сайттар арқылы жеке деректерді ұрлау, банк карталарынан ақша шешіп алу әдістерін жиі пайдаланады.
Өңірдегі жағдай да мәз емес. Облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің маманы Әдемау Меңдібаева жыл басынан бері өңірде алаяқтыққа қатысты 1200-ге жуық фактінің орын алғанын айтты. «Полицияға күнде шамамен 5-7 адам интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалғандарын айтып, хабарласады. Алаяқтыққа қатысты тіркелген деректер жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 27,3 пайызын құрап отыр. Жыл басталғалы өңірде интернеттегі алаяқтық дерегімен тіркелген қылмыстық істер саны 98-ге жетіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде 39 іске қатысты түпкілікті шешім қабылданды», – дейді ол.
Интернет-алаяқтыққа қатысты деректердің дені облыс орталығында орын алады. Қылмыскерлердің қақпанына түсіп қалатындардың көбі – зейнеткерлер. Петропавлдың 66 жастағы тұрғынына қылмыскер қоңырау шалып, өзін «құқық қорғау органының қызметкерімін» деп таныстырған. Ол зейнеткерді «алаяқтар пәтеріңді тартып алмақшы және оларды әшкерелеу үшін баспананы сату бойынша тезірек мәміле рәсімдеу қажет» деп, айтқанына көндіреді. Қала тұрғыны қорқып өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жіберіпті. Туыстары мұнда бір шикіліктің барын сезіп, жәбірленушіні полицияға жүгінуге көндіреді. Алайда ол ақшаның бір бөлігін қылмыскер көрсеткен шотқа аударып, ал қалғанын курьерге тапсырып үлгерген екен. Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қаржы шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылған.
Алаяқтықтың басқа қылмыстармен салыстырғандағы бір ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатыны. Қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез келген уақытта алаяқтың арбауына түсуі мүмкін.
«Әлеуметтік желі шекарасыз әлемге айналды. Онда күн сайын мыңдаған тауар саудаланады. Қайсысының шынайы, қайсысының жалған екенін білмейсің. Адамдар жарнамасы жер жарып тұрған «сатушыларға» сеніп, төлем жасап жатады. Қандай да бір тауарды сатып алатын кезде сайттағы пікірлерді бір шолып өту артықтық етпейді», – дейді қаржыгер Данияр Маекенов.
Соңғы кездері алаяқтар дипфейк деп аталатын әдіс арқылы ақша жымқыруға әуестеніп алған. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы жасалған жалған фото, видео, аудио жазбалар. Яғни алаяқтар адамның түрін, дауысын, қимыл-қозғалысын айнытпай көшіріп, сол арқылы ақша немесе құпия ақпаратты оңай алуға тырысады.
Облыстық полиция департаменті киберқауіпсіздік басқармасының бастығы Әлнұр Ахмедьяровтың айтуынша, бүгінде алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында «Telegram» мессенджері алдыңғы қатарға шыққан. Оны пайдаланатындар өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын қолданып, жақындарынан қаржылай көмек сұрайды. «Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Схемасы қарапайым: кез келген адамның әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Биылдың өзінде өңірде осындай 187 дерек тіркелді», – дейді басқарма басшысы.
Кейде алаяқтар мен оларға алданып қалып жатқан жандардың көздеген мақсаттары бір болып жатады. Ол – оңай ақша тауып, жылдам пайдаға кенелу. Осының әсерінен болса керек, елімізде жалған брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобалардың салымшылары көбейген. Бірнеше минуттың ішінде жалған криптобиржаның құрбанына айналғандардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Мөлдір Бектемірова. Нәзік жан «Instagram» желісінде ондаған мың жазылушысы бар криптобиржаның «менеджерімен» онлайн байланысқа шыққан. Олар өз тұтынушысының сеніміне кіру үшін бір реттік «дивиденд» төлеуге де қарсы болмапты. Содан не керек, Мөлдір жылдар бойы жинаған 4,5 миллион теңгесін «менеджер» айтқан шотқа аудара салады. Екі аптадан кейін алты миллион болып қайтатын сома ұшты-күйлі жоғалған. Тәртіп сақшылары алаяққа алданып қалған кезде дереу полицияға хабарласу қажеттігін айтудан жалықпайды. Қылмыскерді тезірек табу үшін оның телефон нөмірі, алдау тәсілі, ақша аударылған есепшот, келтірілген шығын мөлшері секілді маңызды мәліметтерді толық айту маңызды.
Алаяқтардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқанына халықтың қаржылық сауатының төмен болуы да әсер етуде.
«Телефонда қолжетімді «eGov.kz» порталын қалай жүктеуді білмейтіндерді кездестіргенде жаның ауырады. Несие тарихын бірінші кредиттік бюро арқылы да тексеруге болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктерінің өңірлік өкілдіктерімен де жұмысты жандандыру қажет. Агенттік қаржы ұйымдарының заңсыз әрекетін тексеруге құқылы. Осы сияқты ақпараттардың барлығын тұрғындар білуі тиіс», – дейді қаржыгер Арман Әуесхан.
Өзгені алдап жан бағатындар дамыған технологиядан қалыспай, алға озуда. Біз пікірлескен мамандардың ойы олардың адымын жеке деректерді жария етпеу, бейтаныс қоңырауларға жауап бермеу сияқты қарапайым сақтық ережелерін ұстану арқылы ғана қысқарта алатынымызға келіп саяды.
Асылзат АРҒЫНБАЙ,
«Soltüstık Qazaqstan».