«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЯҚТАРДАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Адам санасына әсер етудің, қолайсыз сәттерді оңтайлы пайдаланудың әдіс-тәсілдеріне қанық алаяқтар өте қауіпті. Облыста биылғы жылдың өзінде осындай қылмыскерлердің арбауына түсудің 474 фактісі тіркелген.

Тұрғындарға қоңырау шалып, оларға өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың жоспары төмендегідей. Пәтер иелері туысының басы бәлеге ұрынғанын айтатын айлакерлер бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне ақшалай сыйақының қажеттігін хабарлайды. Ақшаны телефон нөмірі арқылы немесе өздері жіберген адамға беру қажеттігін айтады. Сондай аңқау зейнеткерлердің бірі ұлын полициядан “босату” үшін қылмыскерлерге 4000 АҚШ долларын ұстатып жіберген.

2011 жылы Балқаш қаласынан Петропавл қаласына келген Е.Хен жымысқы әрекеттерін жасанды мөр арқылы жүзеге асырған. Кеңсе жалдап, жергілікті БАҚ арқылы зейнеткерлерге жеңілдіктермен терезелерді орнатумен айналысатын “Пласт Окно Голд” фирмасының ашылғаны жайында хабарландыру береді. Фирманың бір апталық ғұмырында Е.Хен клиенттерден 2 миллион теңгенің кепілақысын алып, қаладан тайып тұрған. Петропавл қалалық сотының үкімімен Е.Хен мүлкін тәркілеу арқылы 6 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болды.  

Осылайша, алаяқтар адамдардың құқықтық сауатының төмендігін, сенімшілдігін, алаңғасарлығын, ұшқалақтығын пайдалануларын қояр емес. Сіз де алдау ісінің хас шеберінің шеңгеліне түсіп қалғыңыз келмесе, туыстарыңыз үшін ақшаны аударуға немесе төлем картасының кодын телефон арқылы жіберуге қатысты хабарламаға ермеңіз. Оның тасасында алаяқтардың болуы ғажап емес.

Еркеш ОСПАНОВ,

облыстық прокуратураның №2 басқармасының прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp