Тәртіп сақшылары биылғы жылдың басынан бері облыс аумағында 101 алаяқтық фактісін тіркеді.
Адамның сеніміне кіріп, қолайсыз сәттерді оңтайлы пайдаланудың әдіс-тәсілдеріне қанық алаяқтардың арбауына түсіп жатқандар әлі де баршылық. Ақырында басқа амалы қалмаған жәбірленушілердің полицияға жүгінулеріне тура келеді.
Бүгінде алаяқтардың арбауына ең жиі түсетіндер – зейнеткерлер. Атап айтқанда, облыс орталығының 88 жастағы тұрғыны өздерін “әлеуметтік қызметкерміз” деп таныстырған екі алаяқ келіншектің алдауына түскен. Алаяқ әйелдер сенгіш қарияға алдағы уақытта қолданыстағы теңге купюраларының жаңартылған үлгілері шығатындығын айтып, ақшаларын айырбастау пунктінен ауыстырып әкелуді ұсынған. Ақшаны қолға түсірген бетте оқиға орнынан ізін суытқан. Сөйтіп, бар жиған қаражатынан айрылып, опық жеген қария бірден ішкі істер бөліміне шағымданған.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары зейнеткерді алдап соққан екі алаяқты іздестіруде.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.