Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция қызметкерлері ғаламторға емін-еркін еніп алған әккі алаяқты құрықтады.
Оның тұзаққа түсуіне Қазақстан банктерінің бірінің шағымы түрткі болған. Алаяқ ғаламтор қызметін пайдаланушыларға қисапсыз хаттар жолдап, олардың белгілі бір кестелерді толтыруын өтінеді екен. Осылайша ол қазақстандықтардың құпия деректерін: кодтарын, парольдерін, кредит карталарын біліп алады.
Ақыры, алаяқтың ізіне түскен криминалдық полиция қызметкерлері оның аты-жөнін анықтады. Ол Петропавлдың 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Банктің дер кезінде хабар беруі және полиция қызметкерлерінің уақтылы іс-қимылы алаяқтың жолын кесті.
Қазір ешқайда шықпау жөнінде қолхат берген күдіктіні тексеру амалдары жүргізілуде. Ол екі банктің атынан әрекет етіп, өткен жылдың соңында бөгде адамдардың кредит карталарын пайдаланып, өзінің коммуналдық төлемдерін және телефон байланысы үшін шығындарын өтеп алған екен.
Полиция ғаламтор қызметін пайдаланатын азаматтарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды ескертеді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.