«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАҢДАУШЫЛЫҚҚА НЕГІЗ ЖОҚ

Қызылшаның алдын алу мақсатында республикада жаппай екпе жасау шаралары басталғаны белгілі. Науқан басталмай жатып, Оңтүстік, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында екпе егілген жасөспірімдердің өздерін қолайсыз сезінгендері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында екпе егілген 100-ден астам жасөспірімде “вакцинадан кейінгі синдром” сырқатының белгілері байқалып, олардың 60-қа жуығы ауруханаға жатқызылған.

Аталмыш мәселеге қатысты өңіріміздегі жағдайды білмек болып облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласқан едік. Департамент басшысының орынбасары Юрий Пузиковтың берген мәліметіне сүйенер болсақ, өңірімізде үстіміздегі жылдың 16-19 ақпанында қызылшаға қарсы қосымша иммундау науқаны жүргізілді. 15-19 жас аралығындағы 10324 адамға екпе егілді. Вакцина егілуі тиіс тұлғалардың 47,9 пайызы қамтылды.  

Науқан барысында екпе егілген солтүстікқазақстандықтардың денсаулығында ауытқу байқалған жоқ. Облысымызда қызылша дерті бойынша эпидемиологиялық жағдай да тұрақты. Ал аталмыш науқан елімізде орын алған мәселенің аныққанығына көз жеткізу мақсатымен наурыз айына дейін тоқтатылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp