«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА – АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы – дамуымыздың басты бағдары. Жолдауда әлеуметтік-экономикалық саладағы сан қырлы мəселелер қамтылып, шешу жолдары ұсынылды.

Алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өндіріс кешеніне жыл сайын 100 миллиард теңгеден қаржы бөлінбек. Ұқсата білетін, іскер менеджерлердің нақты жобаларына бағытталса, аталмыш салаға тың тыныс берерліктей қыруар қаржы. Ең алдымен қаражат елімізге заманауи агротехнологияларды, ауыл шаруашылығы саласына білікті мамандарды тарту арқылы оны басқарудың үздік тəжірибесін енгізуге, ет, сүт өнімдерінің экспортын арттыруға бағытталмақ. Аграрлық өнімнің əлемдік нарығында бəсекелестіктің деңгейі аса жоғары. Ал бəсекеге қабілетті сапалы өнімді шығарамыз десек, ғылымға көңіл бөліп, инновациялық технологияларды игеруге ден қойғанымыз жөн.

Елбасы талай жылдан бері күрмеуі қиын күрделі мəселеге айналған ауыл шаруашылығы саласындағы кəсіпкерлік проблемасына да тоқталып өтті. Атап айтсақ, ауыл кəсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыруды ұсынды. Оның ауыл шаруашылығы өндіріс кешенінің дамуына оң ықпал берері анық. Əлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімін шығару оңай іс емес. Оны нарыққа ұсына білу өз алдына бір ғылым. Қазіргі таңда агроөнеркəсіп саласындағы əр кəсіпкер осыны ұғынуы тиіс.

Ауданда егін жинау науқаны аяқталды. Диқандарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында биыл мол өнім алынды. Машина-трактор паркін жаңарту жалғасуда, жыл басынан 1759,6 млн. теңгеге 108 техника сатып алынды. Есепті кезеңде ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өсімдік шаруашылығы саласына 1 280,8 млн. теңге демеуқаржы берілді.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін жақсартуға ғана емес, өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық технологиялар арқылы экономиканың жедел қарқынын қолдау және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту міндетін қойып отыр. Биылғы Жолдауында Елбасы қазіргі заманғы озық технологиялар экономикалық өсімнің драйвері болып табылатынын айтып, оны ауыл шаруашылығында да белсенді енгізу қажет екенін ерекше атап өтті. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл сайын ауа райына қарамастан, осызаманғы технологияларды пайдалану арқылы жоғары өнімге қол жеткізеді. Мәселен, “Атамекен-Агро-Корнеевка” және “Атамекен-Агро-Есіл” ЖШС-лері нақты егіншілік және егіс жағдайын анықтау үшін қолданатын “Геозис”, “Агро-Смарт” спутниктік мониторингілеу технологиялары оларға егін егу мен жинау, минералдық тыңайтқыштарды себу, зиянкестермен және арамшөптермен күресудің оңтайлы мерзімдерін болжауға мүмкіндік береді.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның желісі бойынша 2017-2021 жылдарға арналған “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 121 млн.теңге және “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы желісі бойынша 33 млн. теңге несие беру көзделген. Келешекте “Заградовское” ЖШС-і сүтті бағыттағы асылтұқымды 400 сиырға арналған сүтті-тауарлы ферма құру бойынша жобаны іске асырмақ. “Красный Сибиряк” ЖШС-і сүтті бағыттағы 50 бас сиыр сатып алды.

Қазақстанның алдында 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін отыз пайызға жеткізу міндеті тұр. “Жасыл энергетика” саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша мақсатты жұмыстар біздің ауданда да жүргізілуде. Мысалы, “Заградовское” және “Прометей – Агро” ЖШС-і озық технологияны қолданып келеді. Олар қысқы кезеңде өз кәсіпорындарының әкімшілік ғимараттарын жылыту үшін биоотын ретінде зығыр сабанын пайдаланады. Заречный ауылдық округінің Чириковка орта мектебінде және Николаевка ауылындағы Асқар Игібаев атындағы мектепте жаңа технологиялар енгізілді.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру міндетін іске асыру аясында биыл республикалық бюджеттен “Жезқазған-Петропавл” автожолын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау үшін 84 млн. теңге бөлінді. Ал жергілікті бюджеттен облыстық маңызы бар автожолдарды күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға 620,3 млн. теңге қарастырылған. Облыстық маңызы бар “Покровка-Корнеевка-Горное” автожол учаскесіне күрделі жөндеу жүргізілді, “Үлкен Тораңғұл” көлінің су өткізу каналында дюбингтік құбыр салынды.

Елбасы өз Жолдауында адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды. Бұл өз кезегінде жастарға білім берудің қолжетімділігін кеңейтуді, кейіннен әлеуметтік бейімделуді, білім сапасын жоғарылатуды, оның мазмұнын жаңартып, заманауи технологиялар мен әдістерді оқу үрдісіне енгізуді көздейді. Екі жыл бойы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 393 ұстаз курстардан өтті. Жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істейтін 469 мұғалім 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысына 30 пайыз қосымша төлем алуда. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы білім беру секторын жас кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, оның шеңберінде 27 мұғалім ауданымызға келіп, жалпы сомасы 3,8 млн. теңге жәрдемақы алды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында білім беру жүйесінің барлық деңгейлерін заман талаптарына және экономиканың қажеттілігіне сай ету үшін жағдайлар жасалуда. Аудандағы барлық мектептер “Күнделік.кz” жүйесіне, “BilimLand” және “Ағарту KZ” электронды білім беру платформасына қосылған, онда білім порталдары арқылы оқулықтар, кітаптар, интерактивті сабақтар мен курстар қолжетімді.

Аудандағы Корнеевка және Петровка орта мектептерінде робототехниканы дамыту үшін қажетті базалық жиынтықтар бар. Кеңес Одағының Батыры Тимофей Позолотин атындағы Явленка №1 орта мектебінің базасында аудандағы алғашқы тегін ІТ-сынып ашылды. Қазіргі уақытта аудан орталығындағы екі мектептің оқушылары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негіздерін игеру, робототехникамен айналысу, 3D-модельдеуді меңгеру және бағдарламалау негіздерін осызаманғы технологиямен жабдықталған сыныптарда алу үшін тамаша мүмкіндікке ие болды. Заманауи IT-сыныптар ауданның барлық мектептерінде пайда болатынына сенімдімін, бұл оқушыларымызды бағдарламалауға және цифрлық дағдыларға үйретеді, олардың жеке қабілеттерін одан әрі дамытуына зор мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтаудағы жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді жақсарту, медициналық көмектің сапасын арттыру қажеттігін де ерекше атап өтті. Ауданның барлық медицина ұйымдарында жаңа ақпараттық жүйелер орнатылды. Биыл медициналық мекемелерді компьютерлік техникамен жабдықтау бойынша жұмыстар аяқталады. Бүгінде мобильдік қосымшалар медицинаға белсенді енгізілуде. Емханамен және дәрігермен телефон арқылы байланыс жасау мүмкіндігі Есіл ауданы тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының бірінші бағыты аясында кәсіптік оқытуға 57 адам жіберілді. Ауданның 76 тұрғыны “Бизнес бастау” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне үйренді. Бүгінгі күні жалпы сомасы 67 млн.теңгеден астам 22 жоба қаржыландырылды. Жастар тәжірибесіне 20 түлек, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 жұмыссыз, қоғамдық жұмыстарға 142 адам жіберілді.Үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі енгізілді, соның нәтижесінде 91 отбасына жалпы сомасы 14330,3 мың теңге көмек көрсетілді. Биылғы қаңтар айынан Явленка, Покровка және Корнеевка ауылдық округтерінде дербес бюджет енгізілді, бұл жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Елбасымыз Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша алдымызға нақты міндеттер қойды және жергілікті атқарушы органдардың қызметі олардың сапалы орындалуына бағытталуы тиіс.

Мұратбек ӘБІШЕВ,

Есіл ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp