Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің міндеттері мен қызметін іске асыратын тұлға болғанымен, кейде олардың да заңға томпақ әрекеттері әшкереленіп, абырой-беделіне нұқсан келіп жатады.
Сондықтан түрлі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу тұрғындардың да міндетіне айналуы тиіс. Құқығымыз бен бостандығымызға, заңды мүддемізге селкеу түсіретін жайттар орын алып жатса, онда тұрғындар мемлекеттік қызмет істері департаментіне шағымдана алады. Ол үшін департаментке жеке өзі немесе заңды өкілінің атынан өтініш түсіруге болады. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары ұжымдық арыздарды да тексереді. Шағымды қарау тәртібі, арыз берушінің міндеті, мерзімі, тағы да басқа талаптар “Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі туралы” Заң аясында жүргізіледі. Департамент мамандары мемлекеттік органдардың шешімдерін, әрекетін (әрекетсіздігін), лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзу фактілерін, мемлекеттік қызметтер бойынша көрсетілетін қызмет түрлерінің заңдылығын, сондай-ақ, қызмет әдебін сақтау мәселелерін қарайды.
Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызмет істері министрлігінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес құрылды. Мемлекеттік қызметшілердің мәселелері аталмыш кеңесте қаралады. Тұрғындар өздерін толғандыратын мәселелер бойынша Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 38-үй мекенжайындағы департамент ғимаратына келе алады немесе 8(7152) 36-10-81, 8(7152) 46-74-46 сенім телефондарына хабарласуға болады. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамау фактілері бойынша тұрғындар облыстық әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкіліне де 8(7152) 34-02-11 телефоны арқылы хабарлай алады.
Дулат ТАЙШАБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы.