Облыста алимент бойынша қарызы бар борышкерлердің төрт пайызы өз балаларына ақша беруден бас тартқан.
Облыстық әділет департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері 30 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Көпшілігі жарты жылдап алимент төлемепті. Борышкерлерге 12 600 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
– Қазір өндірісте 5,5 мың іс қаралуда. 240 борышкер бірнеше ай бойы өздерінің балаларына алимент төлемеген. Тасбауыр әкелер мен қатыгез аналар 15 тәулікке уақытша ұстау оқшаулағышына қамалатын болады. Кейбір адамдардың бұл қаражатты төлеуге жағдайлары жоқ. Ондай азаматтарға жұмыс орындары ұсынылады. Бірақ олар бұдан бас тартады, – дейді департамент басшысы Мақсат Сатыбалдин.
Борышкер жұмыссыз ретінде тіркелген немесе оның табысы белгісіз болса, алимент орташа жалақының мөлшерімен белгіленеді. Сот орындаушылардың айтуынша, мұндай келеңсіз оқиғаларға борышкерлерді жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар және мекемелердің басшылары да кінәлі. Себебі, олар қарамағында жұмыс істейтін алименттік борышы бар қызметкердің нақты табысын фискалдық органдардан жасыратын көрінеді.
http://petropavltv.kz,
Сурет http://news-for-woman.ru сайтынан алынды.