Қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша облыста, тұтастай алғанда, экономикалық қызметтің барлық салаларында оң серпін тіркелді. Статистикалық деректерге сүйенсек, аталмыш кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі – 42,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар – 23,4 пайызға, тұрғын үйі салу – 16 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 11,4 пайызға, ауыл шаруашылығы 3 пайызға өссе, бөлшек сауда көрсеткіші 5,8 пайызға төмендеді.
Өнеркәсіп. Облысымыз үшін ерекше маңызға ие бұл салада ілгерілеушілік бар. Үстіміздегі жылғы қаңтар-маусымда облыстың кәсіпорындары 138,2 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады. Жыл басынан бері 102,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – жалпы өнеркәсіп өндірісінің 74,1 пайызы. Саладағы өсім 13,2 пайызды құрады. Соның ішінде 67,9 пайызы азық-түлік өнімдерін өндіру саласына тиесілі. 2019 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда ет өнімдерінің шығарылуы 1,7 есе өсіп, тазартылған өсімдік майының өндірісі – 44,7 пайызға, сүт өнімдері – 10,1 пайызға, нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер – 6,4 пайызға, ұн-жарма және крахмал өнімдері 4,8 пайызға өсті. Сонымен қатар сусындар шығару – 50,9 пайызға, машина жасау – 42,9 пайызға, дайын металл бұйымдары – 61,5 пайызға, ал резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі 13,3 пайызға артық орындалды.
Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда нақты көлем индексі 4 пайызға өссе, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 96 пайыздық өсім бар.
Ауыл шаруашылығы. Солтүстік Қазақстан облысы аграрлы өңір екені белгілі. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өңіріміз жыл сайын еліміздегі жоғары сапалы астықтың үштен бірін өсіреді. Биылғы жартыжылдықта 74 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсу қарқыны бойынша республикада үшінші орындамыз. Қаңтар-маусым айларында 38 мың тонна мал мен құс еті дайындалып, 268,9 мың тонна сүт сауылды, 311,5 млн. дана тауық жұмыртқасы алынды. Барлық мал түрі бойынша өсім бар. Атап айтқанда, ірі қара – 3,4 пайызға (478,5 мың бас), қой мен ешкі – 4,7 пайызға (603,3 мың бас), шошқа – 12,4 пайызға (234,9 мың бас), жылқы – 9,3 пайызға (177,2 мың бас), құс 1,4 пайызға (5,6 млн. бас) өсті.
Құрылыс қызметі. Бұл салада да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Аталмыш кезеңде облысымызда 32,3 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Сөйтіп, 2019 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 125,5 пайызды құрады.
Тұрғын үй құрылысына 18 млрд. теңге қаражат бағытталды, ол 2019 жылғы қаңтар-маусымдағыдан 1,7 есе артық. Облыс аумағында тұрғындар мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жалпы ауданы 44,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Тұрғын үйлердің 57,2 пайызы – тұрғындардың өз ақшасы, 13,4 пайызы, яғни 10,4 мың шаршы метрі – бюджет қаражаты, ал 29,4 пайызы немесе 22,9 мың шаршы метрі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен тұрғызылды.
Бұл кезеңде күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі – 44,7 пайызға, құрылыс-қайта құру – 26,1 пайызға, ағымдағы жөндеу 17,6 пайызға арттырылды.
Инвестициялық қызмет. Инвестициялар көлемінің көрсеткіші бойынша өсім бар. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 23,4 пайызға көбейіп, 108,4 млрд. теңгеге жетті. 60,1 пайызын – шаруашылық жүргізетін субъектілердің меншікті қаражаты, 24,8 пайызын – бюджет қаражаты, 2,9 пайызын – банк кредиттері, ал 12,2 пайызын өзге қарыз қаражаттары құрайды.
Негізгі капиталға тартылған барлық қаражаттың 51,3 пайызы – инвестицияларды игеру бойынша басым салалар болып табылатын ауыл, орман және балық шаруашылығына, 18,2 пайызы – жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға, 13,4 пайызы – өнеркәсіпке, ал 11,2 пайызы көлік және қоймалауға бөлінді.
Сауда. Аталмыш кезеңде бөлшек саудада 107,8 млрд. теңгенің тауары өткізілді. Бөлшек саудадағы тауар айналымының құрылымында азық-түлік емес тауарлар көп сатылуда. Бұл көрсеткіш 66,2 млрд. теңгені құрады. Сауда жасайтын кәсіпорындар – 62,1 млрд. теңгенің, ал жеке кәсіпкерлер 45,7 млрд. теңгенің тауарын сатты.
Шағын және орта кәсіпкерлік. Шағын және орта бизнес облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады. 2020 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 0,8 пайызға кеміген. Бүгіндері кәсіпкерлер үлесі – 66,2 пайыз, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 18,3, шаруа және фермерлік қожалықтар – 15,1, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,4 пайызды құрады.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 99,7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 пайызға кем. Жұмыспен қамтылғандардың ең үлкен көлемі заңды тұлғаларда тіркелген. Бұл көрсеткіш – 53,3 пайыз.
2020 жылғы қаңтар-маусымда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 80,7 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Оның 72,3 пайызы – шағын және орта бизнес кәсіпорындарына, 24,4 пайызы – жеке кәсіпкерлерге, 3,3 пайызы шаруа немесе фермерлік қожалықтарға тиесілі. Өнім шығару көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,7 пайызға кеміді.
Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы. Облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы күнкөрістің ең төмен деңгейінің шамасы маусымда 32224 теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,1 пайызға көтерілді. 2019 жылғы желтоқсанға қарағанда 17,6 пайыздық өсім бар. Тамақ өнімдерінің құны – 17723 теңге, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 14501 теңге болды.
Халықтың әлеуметтік-демографиялық топтары бойынша осы шама 13 жасқа дейінгі балалар үшін – 25610 теңгені, 14-17 жастағы жасөспірімдер үшін – 40751 (ұлдар) және 31220 (қыздар) теңгені, 18 жастан жоғары еңбекке қабілетті халық үшін – 38453 (ерлер) және 30535 (әйелдер) теңгені, зейнеткерлер мен қарттар үшін 30159 теңгені құрады.
Аудан орталықтары бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – 33184 теңге, ал Петропавл қаласында бұл көрсеткіш 30785 теңге болды.
Бағалар мен тарифтер. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жыл басынан инфляция деңгейі 4,1 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары – 7,2 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 2,3 пайызға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 1,8 пайызға қымбаттады.
Осы кезеңдегі инфляцияның қалыптасуына халыққа көрсетілетін ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтердің өсуі өз әсерін тигізді. Атап айтқанда, алты ай ішінде жармалардың бағасы 14,2 пайызға өсті. Сүт өнімдерінің бағасы – 9,1 пайызға, ұн – 8,1, құмшекер – 6,9, балық және теңіз өнімдері – 5,5, май және тоңмайлар – 5,3, алкогольсіз сусындар – 4,5, кондитерлік өнімдер 3,8 пайызға көтерілген. Алкогольді сусындар – 6,8 пайызға, темекі өнімдері 3,8 пайызға қымбаттады. Күріш – 8,6, ал жұмыртқа 4 пайызға арзандады.
Тұрғын үйді күтіп ұстау және ағымдағы жөндеуге арналған қызметтер бағасы 5,5 пайызға көтерілді. Фармацевтикалық өнімдер – 4,2 пайызға, жуу және тазалау құралдары – 2,5 пайызға, киім мен аяқкиімнің жекелеген түрлері 2 пайызға қымбаттады. Бензин бағасы 2,4 пайызға өссе, дизель отыны 1,4 пайызға арзандады.
Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер ішінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тарифтері төмендеген. Атап айтқанда, жыл басынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерін тұтынушылар үшін суық су мен кәріз бағасы 10 пайызға арзандады. Ал құқықтық қызметтер – 10,2 пайызға, сақтандыру қызметтері – 10 пайызға, медициналық қызметтер 9,6 пайызға өскен. Шаштараздар және жеке кызмет көрсету мекемелерінің қызметтері – 4,8 пайызға, білім беру – 4, мейманхана және мейрамхана қызметтері – 3,8, салт-жора – 2, байланыс қызметтері 0,9 пайызға қымбаттады. Темір жол жолаушылар көлігімен жол жүру бағасы – 5,2 пайызға, ал автобуспен жолаушылар тасымалдау 1,9 пайызға өсті.
Марал НҰРЖАУЫПОВА,
облыстық статистика департаментінің басшысы.