«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒА БАСҚАН АҚЖАР

Облыс орталығынан шалғайдағы Ақжар ауданының тұрғындары “Қазақстан – 2050” Стратегиясының талаптарын орындау жолында зор қажыр-қайратпен, үлкен ұйымшылдықпен еңбек етіп жатқанына осы жолғы іссапарымызда көз жеткізіп қайттық. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековпен екеуара әңгіме атқарылған жұмыстар төңірегінде өрбіп, одан әрі алдағы биік межелерге ойысты. Ол облыс әкімі Самат Ескендіровтің әлеуметтік-экономикалық дамудың ең өткір мәселелеріне қатысты нақты міндеттер қоюына байланысты халықтың өмір сапасын, тұрмысын көтеруге бағытталған кешенді шаралар түзілгенін, басты назар атқарушы органдардың жұмыла еңбек етуіне аударылып отырғанын атап өтті. Мұхит Сексенбайұлының айтуынша, аудан экономикасындағы жалпы өнімнің 80 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Осы сала елді мекендердің жақсарып, әлеуметтік инфрақұрылымдардың өркендеуі мен халық табысының артуына әсер ететін басты көрсеткіш саналады. Сол себепті мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды іскерлікпен әрі тиімді пайдалана отырып, жоғары көрсеткіштерге жету жолдары қарастырылып келеді.

– Былтыр 12 миллиард 963 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілгенін ескерсек, егіншілік пен ата кәсіпке басымдық беру басты бағдарымыз болып қала береді. Мемлекет басшысының етті мал шаруашылығын дамыту тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған үкіметтік бағдарламаларға белсене қатысу нәтижесінде соңғы үш жылда мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалып отыр. 12 шаруашылық 117 миллион теңгеге 1500-ге жуық ірі қара малын сатып алса, 514-ін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы, 864-ін өз қаражаттары есебінен игеру мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, ірі қара малы – 11,5, қой – 13,9, жылқы 4,9 пайызға көбейді. Тірі салмақта 5,6 мың тонна ет, 39,2 мың тонна сүт, 5 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Бір қуантарлығы, мал шаруашылығына республикалық бюджеттен берілетін субсидия мөлшері артып келеді. Өткен жылы тұқым жаңарту бойынша 42 шаруа қожалығы 2356 басқа – 32,9 миллион теңге, жемазықты арзандату мақсатына 6,9 миллион теңге демеу-қаржыға ие болды. Жемшөп әзірлеумен айналысып жүргендер бір гектарға 1,5 мың теңге субсидия алып келсе, енді 9 мың теңгеге дейін көтерілді, – дей келіп, М. Тұрысбеков дамыған 30 елдің қатарына қосылудың бірінші кезеңінде экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімін қамтамасыз етіп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құру қағидатына орай жаңа кәсіпорындар мен шаруашылықтар ашу межеленіп отырғанына тоқталды. Биыл өнеркәсіп саласы бойынша 200 миллион теңгенің 6 жобасы іске асырылады. “Ақжар Инвест” ЖШС сыртқы қаптауға арналған өрнектастар мен габродиорит шығаруды діттесе, қиыршықтас өндіру мен өңдеу саласына 5 компания жұмылатын болады. “Керей жер”, “Шаймерденов”, “Бекболатов”, “Нұрғожин” секілді шаруашылықтар мал фермалары құрылысын салумен айналысады. “Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Талшық ауылының жолдарын жөндеуге – 20 миллион теңге, елді мекендерді абаттандыруға 16 миллион 565 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, жыл аяғына дейін 10 үйдің құрылысын аяқтап, Дәуіт, Ақжарқын, Қазан, Үлгілі, Қызылту, Байтөс елді мекендеріне 595 миллион теңгенің су құбыры тартылады. Киев ауылында жазғы стадион, Айсары ауылында 14,7 миллион теңгеге жастардың ойын-сауық орталығын тұрғызу, 39,8 миллион теңгеге Талшық орта мектебінің жылыту жүйесіне жөндеу жүргізу – биылғы жылдың еншісінде.

Әрине, барды қанағат етуге, тоқмейілсуге әлі ерте. Әсіресе, елді мекендерді таза ауызсумен қамту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, медицина мекемелерін жоғары білімді мамандармен толықтыру бағыттарында шешімін күткен мәселелер жетіп артылады. Орташа айлық жалақы мөлшерін 60 мың теңгеден 84 мың теңгеге жеткізу орындалуы қиын болғанмен, түйінін тапса, іске асырылатын шаруа екені түсінікті. Кедейшілік деңгейін азайтып, тұрақты жұмыс орындарын ашу да басты міндеттердің бірі. Қолданылған шаралардың арқасында былтыр 1197 адам жұмысқа орналастырылған. Десек те, 249 отбасының тұрмысы төмен санатқа жатқызылуы ойландырмай қоймайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар аз емес. Мүгедектерді оңалту бағдарламасына 27 адам ғана тартылған. “Ауылдағы кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру” бағыты бойынша азаматтарды оқыту, шағын несие беру, озық жобалар ұсыну жайы да қанағаттандыра бермейді. Жұмыс берушінің тапсырысы шеңберінде көшіп келу және оқыту арқылы жұмысқа орналасу жәрдеміне ірі кәсіпорындардың тартылуы көңіл көншітпейді.

Өткен жылғыдай биылғы көктемгі, күзгі дала жұмыстары егіншілерге әжептәуір салмақ түсіргелі отырған сыңайлы. Аудандағы егіс алқаптарының 70 пайызы “БОГБИ” фирмасына тиесілі. Оның басшысы қамауға алынғаннан кейін елеулі қиындықтар туындаған. Салық қарызы 200 миллион теңгеге жуық. Ондаған мың гектар жерге дән сіңірілмегендіктен, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталмағандықтан, арамшөп басып кеткен. Жер телімдері мен қымбат техникалар банктерге кепілге қойылғандықтан, тек солар ғана жергілікті жердегілердің қолы жіпсіз байланып отыр. Банктермен тіл табысу, мәмілеге келу оңай емес. Былтыр аймақ басшысы С. Ескендіровтің тегеурінді ықпалы арқасында “Солтүстік” компаниясына егін-жайға 100 мың гектар алқап босатып берілген. Биыл да олардың бітік астық өсіру ойларында бар. Қажетті тұқымның 75 пайызы дайын. Жер телімін сұраушылар қатары көп болғанымен, өзгенің жерін игеруге тәуекел ете бермейді. Күзгі жиын-терін кезінде иелері келіп, барымыздан айрылып қаламыз ба деп жүрексінеді. Компанияның тығырыққа тірелген мүшкіл халін банкроттыққа ұшырату жолымен шешсе, пай қосқан адамдардың үлесі жекелердің қалтасында кетіп, сорлап қалатын түрі бар.

Біздің алдымен ат басын тіреген жеріміз Ленинград ауылдық округінде орналасқан кәсіптік-техникалық колледж болды. Директордың оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Амангелді Көпеев жаңалықтармен таныстырды. Бұрынғы лицейге колледж мәртебесі берілгелі материалдық-техникалық базаның нығайғаны аңғарылады. Республикалық бюджеттен бөлінген 25 миллион теңгеге “Енисей-1200” комбайны, 5 сеялка, “МТЗ-82” тракторы, интерактивті тақталар, компьютерлер, тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынған. 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оқу орны бүгінде информатика операторы, тігінші, дәнекерлеуші, тас қалаушы, ағаш шебері, тракторшы, жүргізуші мамандарын дайындайды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 75-100 адам қабылданып, 60-70-тейі бітіріп шығады. Қазір оқып жатқаны – 152 адам.

– Кәсіптік бағдар берудің жолдарын талмай іздестіріп, өндірістік тәжірибемен көбірек шұғылдануға баса назар аударып отырмыз. Келесі жылы дуальды оқыту жүйесіне көшеміз, – деді А. Көпеев.

Оқу корпустарының, екі спорт залының, 75 орынға лайықталған жатақхананың талапқа сай жабдықталғаны байқалады. Жылы-жайға көкөніс, 1000 гектар жерге бидай егіліп, олардан түскен қаржы ішкі қажеттілікке жұмсалады. 30 жыл жұмыс өтілі бар информатика пәнінің мұғалімі Гүлсан Тәкежанқызы оқушылардың оқуға деген талабының, ынтасының жоғары екенін мақтанышпен жеткізді. 85 бала бірмезгіл тегін тамақтанады. 6 жылдан бері оқушыларды кәсіби шеберлікке баулып келе жатқан оқу-өндіріс шебері Рахат Әбіловтің шеберханасы мақтаулылар санатында.

Бұрын аудан орталығы болған Ленинград ауылында да жан сүйсінетін игі істер көп. Өнеркәсіп саласының негізгі бағыты Ленинград және Талшық округтерінде орналасқан қиыршық тас өндіру мен оны өңдеу саласына бағытталған. 2013 жылы 247,5 мың текше метр қиыршық тас өңделіп, өнім көлемі 107,6 пайызға ұлғайған. Өндірілген өнім көлемі 757,6 миллион теңгеге жетіп, барлық өнеркәсіп өнімдерінің 65 пайызын құраған. Ленинград, Дәуіт, Қызылту секілді үш елді мекенді біріктіріп отырған округте жұмыс істейтін 27 ЖШС мен 44 шаруа қожалығына тиесілі егістік алқабы 58 мың гектарға жуық. Жолбастаушымыз – аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айбек Хоршаттың сөзіне қарағанда, үкіметтік бағдарламаға қатысушылар қатары өсе түскен. “Талпын Агро”, “Керей жер” шаруашылықтары осындай қолдаудың арқасында шаруаларын ұршықша үйіріп, озық жобаларды іске қосқан. Иесіз қалған нысандар кәсіпкерлердің меншігіне беріліп, ішкі-сыртқы әсемдігімен көз тартатын сауда, мәдениет орындарына айналдырылған. Бекайдар Жаңабаев Агробанктің төрт қабырғасы қалқиған ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, кешенді сауда орталығын салып берген. Қаладағыдан еш кем емес. Мәселен, ұялы телефон жөндейтін шеберханаға келушілер қарасы қалың.

Алайда, кварц құмын, қиыршық тас өңдейтін кәсіпорындардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Осындайда мұндай сан қуалаушылықтан гөрі сапа мәселесін бірінші кезекке шығарудың, сауда-саттықтан гөрі озық технологияларға негізделген қуатты зауыттарды орнатудың уақыты жеткен жоқ па деген сауал еріксіз туындайды. Өйткені, жекеменшік ұйымдардың көпшілігі шикізат сатудан пайда тауып, ал өңделген өтімді өнім шығаруға, инвестиция салуға асықпайтын тәрізді. Оның бір ұшығы Ресейдің көршілес Омбы облысына темір жол қатынасының болмауына тірелетін сияқты. Төте жолдың үзіліп қалуы салдарынан қоймаларда дайын өнімдердің жатып қалуы жиі кездеседі. Петропавл қаласы арқылы айналма жолмен тасымалдау жол шығынын тым арттырып жібереді. Бұл мәселені оңтайлы шешуге жергілікті билік қауқарсыз, онымен Үкіметтің айналысқаны жөн, дейді, кәсіпкерлер. Шынында да, Полтавское ауданына дейін жалғастыратын екі арадағы тұйықжол қалпына келтірілсе, өнімдердің өзіндік құны арзандап, жергілікті жерде тереңірек өңдеуге, біріккен кәсіпорындар ұйымдастыруға қызығушылығы оянар еді. Әзірге “Диорит ЛТД”, “Ақтөбе Гласс” секілді ірі өндіріс орындары саусақпен санарлық.

“Данил” шаруа қожалығының директоры Руслан Ялдаров тығыз шаруалармен облыс орталығына жүріп кеткендіктен, оның көмекшісі Оразбай Баймағамбетовты сөзге тарттық.

– 2006 жылы Ақжарқын ауылында жеке шаруашылық ретінде құрылып, бидай өсірумен айналыстық. Өзгелердің астығын тасымалдап, ақша таптық. “Алабота” кеңшары тарағанда екі ескі мал қорасы еншімізге тиді. Осылайша, қаражатты тірнектеп жинап жүріп, қотандағы 40-50 шопан ата түлігін көбейтудің жолын таптық. “Солтүстік” әлеуметтік-өндірістік корпорацияның қаржылық қолдауымен 32 миллион теңгеге Жезқазған жақтан бір мыңдай Еділбай қойын сатып әкелдік. Былтыр асылтұқымды қой шаруашылығы мәртебесін иелендік.

– Енді ірі қара малын өсірумен де шұғылданып жатқан көрінесіздер?

– Иә, “Сыбаға” бағдарламасы арқылы берілген 17 миллион теңгеге 102 бас жергілікті қызылала сиыр әкелінді. Бұқалар қазақтың ақ бас тұқымынан іріктелді. Қазір өрісте 360 ірі қара малы жайылып жүр. Алдағы мақсат – 200 басқа шақталған мал бордақылау алаңын ұйымдастыру. Ол үшін 170 миллион теңгеге 300 бас герефорд сиырын алуды ойластырып отырмыз. 3 мың гектар жайылым, 2 мың гектар шабындық бар еді. Оған қосымша он мың гектар жер берілетін болды. Бидай, арпа, сұлы, жемазықтық дақылдар өсіреміз. Қыста 10, жазда 20 адам жұмыс істейді.

Жолдардың ой-шұңқырлары тегістеліп, көлік инфрақұрылымының біраз жақсарып қалғаны аңғарылады. Ауданда ұзындығы 484 шақырым автомобиль жолы бар, оның 75 шақырымы республикалық маңызға ие. Жергілікті жолдарды ұстау, жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге жұмсалған. Ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жайы да оңғарыла бастаған сықылды. Аумақтарды дамыту бағдарламасы арқылы Талшық пен Ленинград елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделсе, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде бұл мақсатқа 18 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты, “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша 23 елді мекеннің су құбырларын жаңалаудың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген. Үш ауылдың 500-ден астам үйлері орталық су жүйесіне қосылған.

Мұның бәрін ауыл тұрғындарын әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған өмірлік маңызы бар шаралар ретінде қабылдаған ләзім.

 

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ

“Солтүстік Қазақстан”.

Ақжар ауданы.

Коллажды жасаған

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp