«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАНЖОЛ АЖАЛ ҚҰШТЫ

Түркістан облысы Арыс қаласы маңындағы полигонда оқ-дәрі бөлшектерін жою кезінде оқ-дәрі жарықшағы жарылып, салдарынан әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор Аманжол Ақышев қаза тапты. Мамлют ауданындағы Афонькино ауылында дүниеге келген жерлесімізді туған-туыстары мен қызметтес әріптестері ақтық сапарға шығарып салды.

Қайғылы жағдай 11-ші қазан күні Арыс қаласынан 60 шақырым жердегі полигонда жиналған оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізу кезінде орын алған. Топ жетекшісі Аманжол Ақышев ауыр жарақаттан көз жұмған. Жерлеу рәсімі әскери қызметкердің туған жерінде өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің өкілдері де қатысты.
– Бұл суық хабар бәріміздің жүрегімізге ауыр тиді. Осындай кезде сарбаздан айырылу оңай емес. Бірақ ол офицер ретінде борышын орындап, қаза тапты, – дей келе Қарулы күштер бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов қайтыс болған майордың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты.
Арыс қаласында 24 маусым күні әскери қойма жарылып, төтенше жағдай салдарынан бірнеше адам қаза тауып, тұрғын үйлер қираған болатын. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. 13 қыркүйекте әскери қойма аумағын тазарту кезінде оқ-дәрі бөлшектері жарылып, төрт әскери жараланған еді. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бұл жағдай полигонға жақын орналасқан қала тұрғындарына қауіп төндірмейді.
Ал күні кеше жер қойнын жастанған 1986 жылы дүниеге келген азаматтың артында әйелі мен екі баласы қалды. Марқұмның отбасына материалдық және әлеуметтік көмек берілмек. Қазіргі таңда орын алған оқиғаның нақты себебі мен салдары анықталуда. Арнайы тергеу тобы жұмыс жүргізуде.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp