Облысымызда есту қабілеті нашар балалар аз емес. Олар әрдайым мемлекеттің қамқорлығында. “Сөйлеу процессорының” құны 3 млн. теңгеден асқандықтан, әр ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық. 5 жылда бір рет ауыстырып отыруды қажет ететін есту аппаратына Тәуелсіздік мерекесі аясында құлағының мүкісі бар бірқатар ұл-қыздардың қолы жетті.
– Осы жылдың қаңтар айында кохлеарлық импланты бар балаларға сөйлеу процессорын ауыстыру және алып беру туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы шықты. Құрылғыға қаражат мемлекет бюджетінен бөлінген. Аталмыш аппаратты алу мүмкіндігіне 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар ие, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектерді оңалту бөлімінің басшысы Надежда Завьялова.
Қажет аппаратты алғандардың арасында Темірлан Файзулин да бар. Ол 1 жас 8 айлығында есту қабілетінен айрылған. Бүгінде 11-сыныпта оқитын баласына осындай сыйлық жасалғанына анасы дән риза.
Жалпы биыл кохлеарлық импланты бар мүмкіндігі шектеулі 11 бала есту құрылғысына қол жеткізіп отыр.
Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН,
журналист.